Wikileaks сайтының негізін салушы Жулиан Ассанж Эквадордың Лондондағы елшілігінде қолға алынды. Эквадордың президенті Жулиан Ассанжды халықаралық конвенцияларды бірнеше рет бұзғаны үшін саяси баспана беру ұсынысын қабылдамағанын мәлімдеген. Ал, Wikileaks сайты Эквадорды саяси баспана бермегені үшін халықаралық ережені бұзды деп жазды.
47 жастағы Жулиан Ассанж Аустралия азаматы. Ол Wikileaks сайты арқылы аса құпия саналатын 500 мыңнан астам құжаттың электронды нұсқасын жариялаған. Бұл құжаттар арасында әлем елдері лидерлерінің құпия сөйлесулері, мемлекеттердің құпия жоспарларынан тартып, қаржы жымқыру, ірі сыбайлас жемқорлық қылмыстарының мәліметтері де бар. Әрине, онда Қазақстанға қатысты да көптеген құпия құжаттар болған. Жулиян Ассанж 7 жыл бұрын Швецияға экстрадициядан қашып барып бас сауғалаған болатын.
Бір кездері Wikileaks сайтында жария болған АҚШ-тың Қырғызстандағы «Манас» әуежайын пайдалануы мен оның жабылуына қатысты құжаттар Орта Азия елдерін дүр сілкіндірген еді. Онда АҚШ-тың Қырғызстандағы әскери базасын жабу үшін Қытай үкіметі Қырғызстанға 3 млрд АҚШ доллары көлемінде көмек бергені туралы айтылған. Бұндай мәліметті сол кездегі АҚШ-тың Қырғызстандағы елшісі де жоққа шығара алмаған.
Wikileaks сайтының ең бір әлемді шулатқан ісі АҚШ-тың Орталық барлау агенттігінің құпия құжаттарын ашуы еді. Онда ОБА-ның смартфон, компьютер, смарт-теледидарлар арқылы азаматтарды қалай бақылауға алатынын ашып тастаған. Аталған сайт осыларды жариялай отырып, Орталық барлау агенттігінің барлау әрекеттері заңдардың шеңберінен шығып кеткен жоқ па деген ойды тастаған.
Ассанж ұсталудан бір күн бұрын Wikileaks сайты оған қарсы тыңшылық операциялардың болып жатқанын да жариялаған еді.