3 сәуірде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде журналистика факультетінің VІ Халықаралық «Фараби оқулары» және АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігімен ҚазҰУ-дың бірлескен жобасы аясында «Студенттерге медиасауаттылық қажет пе?» тақырыбында Халықаралық жастардың онлайн конференциясы өтті.

Конференцияға М.К Аммосов атындағы Солтүстік-Шығыс Федералдық университеті (Якутск, Ресей), Мемлекеттік әлеуметтік-гуманитарлық университеті (Коломна қ., Ресей), А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан Мемлекеттік университеті және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінің студенттері мен магистранттары қатысып, ғылыми баяндама жасады. Шара филол.ғ.к., доцент, деканның ғылыми-инновациялық қызмет және халықаралық байланыс жөніндегі орынбасары Мысаева Қарлыға Нақысбекқызы және профессор Ибраева Ғалия Жүнісқызы ұйымдастыруымен өтті.

Аталған жобаның мақсаты – студенттердің медиасауаттылық жайлы білімдерін артыру, медиа білім беру саласындағы тәжірибелермен бөлісу арқылы болашақта жастардың ақпараттық сауаттылығын қалыптастыру.

Жастарға арналған шарада Қазақстан және Ресей студенттері өздерінің ғылыми зерттеулері арқылы «Студенттерге медиасауаттылық қажет пе?» тақырыбында пікір алмасты. Онлайн конференцияның нәтижесі ретінде журналистика мамандығы бойында «Медиасауаттылық» пәнін таңдау пәні ретінде енгізу және медиа білім беруге ерекше назар аудару қажеттілігі туралы ұсыныстар жасалды. Қатысушылардың ғылыми тезистері студенттер мен жас ғалымдардың «Фараби әлемі» атты халықаралық ғылыми конференциясының жинағына жарияланды.

Онлайн платформаға қатысушылар бұл шараның өздері үшін тәжірибелік маңызы және біліми құндылығы жоғары болғанын ерекше атап өтті. Болашақта халықаралық онлайн конференцияны жыл сайын өткізілетін шараға айналдыру ұсынысы бірауыздан қолдау тапты.

Осындай іс-шараларды өткізіп отырған оқу орнымен бізде әріптестік орнатамыз. http://kaznu.kz/kz/1206/page/

http://kaznu.kz/kz

"The Qazaq Times"