АЭС жөнінде даурығудың еш қажеті жоқ, – деп хабарлады ҚР Энергетика министрлігі.
Ресей президентінің Қазақстан аумағында атом электр станциясын салу туралы ұсынысына байланысты ҚР Энергетика министрлігі таратқан хабарламада: «2030 жылға қарай Қазақстанның Оңтүстігінде 2,7 ГВт-қа дейін базалық қуат тапшылығы күтілуде. Еліміздің оңтүстігінде бу-газ, гидро және атом станцияларын салу сияқты әртүрлі отын және энергия көздерін пайдалана отырып, базалық және маневрлік генерацияны енгізу арқылы тапшылықты жабу мүмкіндігін қарастырып отыр. Салынуы мүмкін АЭС-тің экономикалық және техникалық параметрлерін нақтылау және реакторлық технологияны таңдау үшін Техникалық-экономикалық негіздеменің Маркетингтік бөлімі әзірленді. Бұдан басқа, әлеуетті инвесторлар еліміздің оңтүстік өңірлерінде маневрлі газ генерациясын, сондай-ақ Ертіс өзенінде Шүлбі ГЭС және Іле өзенінде Қапшағай ГЭС контррегуляторларын салу мәселесін қарастыруда. Шымкент Жылу электр орталығы алаңында қуаты шамамен 450 МВт болатын жаңа бу-газ электр станциясын салу жөнінде ұсыныс берілді. Тек мүмкіндіктер және ұсынылатын жобалар тиянақты зерттелген соң ғана электр энергиясын өндіруге Қазақстан үшін неғұрлым оңтайлы және қолайлы технологиялар айқындалатын болады. Сол себепті, алдын ала даурығып, тұжырымдар жасауға және негізсіз алаңдауға себеп жоқ екенін хабарлаймыз», – делінген.
Нұр-Сұлтанға АЭС құрылысын ресейлік технологиямен жүргізуді Қазақстанның уақытша президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен Кремльдегі кездесуі кезінде Ресей президенті Владимир Путин ұсынған болатын. 3 сәуірде өткен жиында Путин Тоқаев екеуі «бейбіт атом саласындағы серіктестік» жайлы талқылағанын айтқан. Оның сөзінше, «уран өндіру және байыту бойынша Қазақстан мен Ресейдің бірлескен алты өнеркәсібі жұмыс істейді».
Қазақстанда салынуы ықтимал атом электр станциясына (АЭС) арналған аумақ ретінде Алматы облысындағы Үлкен ауылы мен Шығыс Қазақстан облысындағы Курчатов қаласы таңдалған. Аталған мәлімдемеден кейін, Қазақстан азаматтары станциядан төнетін орасан зор қауіпті айтып, АЭС құрылысынан бас тартуды талап етті.