Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев пен Әбу-Даби ханзадасы Шейх Мухаммед бин Заид Әл Нахаян Біріккен Араб Әмірлігінің астанасында өткен келіссөздер барысында құны 10 миллиард доллар болатын келісімге қол қойды.

Өзбекстан мен БАӘ арасындағы бірлескен мәлімдеме қабылданып, қос тарап инвестиция, қаржы, баламалы энергетика, ауыл шаруашылығы және кедендік әкімшілік саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Оның жалпы құны 10 миллиард долларды құрады.

Ресми мәліметтерге сәйкес, 2018 жылы Өзбекстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы тауар айналымы шамамен 400 миллион АҚШ долларын құраған. Кездесу барысында Өзбекстан Президенті бұл көрсеткіш өткен жылдармен салыстырғанда әлдеқайда көп екендігін атап өтті. Сондай-ақ, екіжақты ынтымақтастықты жан-жақты кеңейту, сауда-экономикалық, инвестициялық, инновациялық, банктік, қаржылық, мәдени-гуманитарлық және басқа салаларда практикалық ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды.

Сонымен бірге, кездесу барысында туризм саласына ерекше назар аударылды. Ресми мәліметтерге сәйкес, өзбек халқы ата-бабаларының кесенелері мен елдің табиғаты Араб Әмірлігі тұрғындары арасында үлкен қызығушылық тудырады. Мәселен, өткен жылы БАӘ-нен Өзбекстанға келген туристер саны 1,5 есе өскен.

Айта кетейік, бұған дейін президент Мирзиеев БАӘ азаматтары үшін 30 күн мерзімге визасыз режим енгізу туралы жарлыққа қол қойған еді және 20 наурыздан бастап күшіне енді.

Сондай-ақ, айта кету керек, кеше Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев БАӘ астанасы Әбу-Дабиге іссапармен келген болатын.

"The Qazaq Times"