Оңтүстік Кореяның Hyundai Motor Group автокөлік өндіруші алыбы сәрсенбі күні мәлімдеме жасап, Қытайдағы мерзімі ең ұзақ және алғашқы зауытының жұмысын тоқтататынын хабарлады.
Қытай Hyundai үшін ең үлкен базар болатын, алайда былтыр Hyundai көліктерінің Қытайдағы сатылымы күрд азайды. Тіпті, Қытай базарына сатылатын көліктерінің жартысына жуығы өтпей қалды.
Hyundai Motor Group компаниясының айтуынша, компания бәсекеге қабілеттілікті арттыру және өнімділік тұрғысынан өндірісті реттеу мақсатында «Бейжің Hyundai Motor Co., Ltd.» алғашқы зауытының өндірісін тоқтата тұруға шешім қабылдаған. Бірақ, бұл аталған зауытты толықтай жауып тастау емес екенін айтқан.
«Бейжің Hyundai Motor Co., Ltd.» 2002 жылы құрылған, ол Қытай ДСҰ-ға мүше болғаннан кейін Қытаймен ынтымақтастық орнатқан алғашқы шетелдік компания. Оның Бейжіңде автобөлшектер жасайтын үш зауыты бар.
Экономикасының өсу қарқынының баяулауы және АҚШ-Қытай сауда соғысына байланысты Қытайдағы автокөлік өнеркәсібі бірте-бірте бәсеңдеуде. Қытайдағы экономикалық саясаттарға байланысты шетелдік компаниялар Қытайдан біртіндеп шыға бастады. Оның үстіне, Қытай мен Оңтүстік Корея арасындағы саяси дау-дамайға байланысты Қытай нарығында кореялық өнімдерге деген сұраныс азайған. Кей сарапшылар, бұны Қытай билігі жағынан ұйымдастырылған демонстрация ретінде бағалайды.