Кеше Алматыда  «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Алматы қаласы филиалы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті және «Алматы – адалдық алаңы» жобалық офисімен бірге  №5 мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында «Адалдық Алаңы»  жобасының іске асырылуына орай брифинг өткізді.

2019 жылы жұмысын бастаған «Алматы – адалдық алаңы» жобасының мақсаты - мемлекеттік қызмет беру бағытында сыбайлас жемқорлықты азайту, халықтың мемлекеттік билік органдарына деген сенімін арттыру болмақ.

Бүгінде елімізде сыбайлас жемқорлық фактілерін болдырмау және қызмет алушылардың қызметкерлермен әрекеттесу көрсеткішін төмендету мақсатында цифрландыру мүмкіндіктері белсенді қолданылуда. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы бойынша филиалының директоры Ғалым Қарқынбаевтың айтуынша, корпорацияның цифрландыру жобалары ашықтықты қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлыққа әкеп соғатын факторларды болдырмау, экономикалық қайтарым және қызмет көрсету сапасын арттыруға негізделген.

"Біз азаматтардың электрондық қызметтерді пайдалану деңгейін арттыру мақсатында 60/40 жаңа қағидатына сәйкес, фронт-офистерде кең ауқымды трансформациялауды жүргізіп жатырмыз. Яғни, фронт-офистегі жұмыс аймағының 60 % азаматтардың қызметтерді өз бетінше алу секторына арнап отырмыз. Осылайша, біз қызмет алушылардың анықтамалар мен басқа да керекті құжаттарды өздігінен алуын қамтамасыз етпекпіз", – дейді Ғалым Абиболлаұлы.

Алматы қаласында 15 фронт-офис жұмыс істейді, оның 5-і мамандандырылған ХҚО. Ондағы цифрлық алаңда өзіне-өзі қызмет көрсету секторлары орналасқан. Өткен жылы мұнда 1,588 млн астам азаматқа мемлекеттік қызметтерді өз бетінше алу тәртібі үйретілді. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады.

Айта кетейік,  мемлекеттік қызметтер реестріндегі 752 қызметтің 621-і, яғни 81 %-ы мемлекеттік корпорация арқылы қолжетімді. Оның 506-ын электрондық нұсқада алуға болады. 2018 жылдың 12 айында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ Алматы филиалы 3,6 млн. мемлекеттік қызмет көрсетті, оның ішінде 1,4 млн., яғни 40 %-ы электрондық тәсілмен көрсетілді.

"The Qazaq Times"