«Аңдамай сөйлеген, ауырмай өледі демекші», АҚШ президенті Дональд Трамп Венесуэланың уақытша президенті ретінде Хуан Гуаидоны мойындаған үшін қатты сынға ұшырап отыр.
Венесуэланың қазірге президенті Николас Мадуро Каракастағы президент сарайында АҚШ пен арадағы барлық қарым-қатынасқа нүкте қоятындығын мәлімдеді. Бұдан бөлек, Венесуэла жеріндегі барлық АҚШ-тың дипломатиялық өкілдеріне шекарадан шығуы үшін 72 сағат уақыт беріп отыр.
Мадуроның сөзіне сенсек, АҚШ Венесуэланың жаңа басшысын тағайындауды әдейі ұйымдастырған.
Негізінен Венесуэла парламентінің Ұлттық ассамблеясында Хуан Гуаидо өзін уақытша президент ретінде жариялап, ант қабылдаған. Каракастағы билікке қарсы митинг барысында орындалған рәсімді Америка басшысы бірден қолдай кетті.
Трамптың ресми мәлімдемесінде: «Бүгін мен Венесуэла Ұлттық ассамблеясы қабылдаған Хуан Гуаидоны кезекті президент ретінде мойындаймын. Венесуэла Ұлттық ассамблеясы жалпыхалықтық легитимді жалғыз ғана билік орыны болып табылады. Ал, Венесуэла Конституциясына сүйене отырып, Николас Мадуроның таңдалуы заңсыз деп білемін» делінген.
Сондай-ақ, АҚШ басшысы Венесуэладағы демократия мен еркіндікті қалыптастыру үшін саяси және экономикалық шешімдерді қабылдаудан да қалыс қалмайтындығын атап өтті. Бұдан бөлек, латын америкасындағы барлық мемлекеттерді Гуаидоны президент ретінде мойындауға шақырды.
Алайда, Мексика мен Боливия елдерінің басшылары Николас Мадуроны қолдайтындықтарын білдіріп, Венесуэланың президенті ретінде мойындайтындықтарын жеткізді.
Енді бұл оқиғаның қалай болғандығына қысқаша тоқталып өтсек. 2018 жылдың 20 мамырында Венесуэлада мерзімінен бұрын президенттік сайлау өтті. Дауыс беру қорытындысы бойынша Николас Мадуро алты жылдық мерзіммен қайтадан Венесуэла басшысы атанды. 2019 жылдың 10 қаңтарынан бастап жаңа мерзімін бастаған Мадуроны «Лим тобы» (Латын Америкасының бірнеше мемлекеттері мен Канада елі) сайлаудың халықаралық стандарттарға сай өтпегендігін айтып, мойындамаған болатын.
Қазіргі таңда Түркия елінің президенті Режеп Тайып Ердоған да венесуэлалық әріптесі Николас Мадуроны қолдайтындығын білдіріп, «Мықты бол, біз сенімен біргеміз» деп ашық хат жіберген. Сонымен қатар, хатта Түркия Венесуэла билігін қандай да бір төңкеріспен басып алғысы келетіндермен күресуге дайын екендігін көрсеткен.