Бірнеше күн бұрын Қазақстанның Ұлттық банкі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы 450 миллиард теңгенің «ҚазАгро» холдингіне салынатынын мәлімдеді. Бұл процесті Ұлттық банк «айналыс мерзімі 15 жылдық облигацияларына нарықтық талаптармен және жылдық 10 пайыздық сыйақы мөлшерлемесімен инвестицияланады» деп әспеттейді.

 Қоғамның бұл мәселеге ә дегеннен қарсы шығуы бұл істе шикілік бар екенін аңғартқан. Себебі, зейнетақы қаржысы бұған дейін де талан-таражға түсіп, халықты шошытқан еді. Расында, ел азаматтарының қаншама жыл бойы бел жазбай жұмыс істеп, тірнектеп жиған қаржысын Үкіметтің өз қалауынша күмәнді компанияларға жіберуі – бүкіл халықтық күдік тудырды. Халықтың ақшасын халықтың өзінен сұрап пайдаланбау да біздің елде біраздан бері қалыпты құбылысқа айналған. Алайда соңғы уақытта әлеуметтік желі арқылы азаматтар табанды түрде талап етуге көшті. Бірақ соның өзі тиісті жемісін беріп жатқан жоқ.

Елдің агроөнеркәсіптік кешеніндегі бірегей компания болып саналатын «ҚазАгроны» мемлекет тұрақты қолдап келе жатыр. БЖЗҚ қаржысының бұл компанияға берілуін Ұлттық банк былай түсіндіреді.

«Жалпы алғанда агроөнеркәсіптік кешен Қазақстан экономикасының стратегиялық маңызды секторларының бірі болып табылады және өндіруші саланың Қазақстан экономикасына әсер етуін теңестіруге мүмкіндігі бар негізгі қозғалтқыш ретінде қаралады.

Осылайша, бір жағынан, жоғарыда көрсетілген инвестициялар БЖЗҚ салымшыларына жыл сайын біршама инвестициялық кіріс әкелетін болады, екінші жағынан – саланы қаржылай қалыпқа келтіру есебінен агроөнеркәсіптік секторды одан әрі дамытуға және жетілдіруге, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының борыштық жүктемесін төмендетуге, бағамның нарықтық ауытқуларына байланысты валюталық тәуекелдердің азаюына, сондай-ақ кредиттеу көлемінің ұлғаюына айтарлықтай қолдау көрсетеді» делінген ресми хабарламада.

Белгілі қоғам белсендісі, мемлекеттегі түйткілді мәселелерге сауатты көзқарас танытатын сарапшы Қазбек Бейсебаевтың айтуынша, ел азаматтарының зейнетақы активтері қарызға белшеден батқан ұйымға салынып отыр.

«Осы жылдың тамыз айында «ҚазАгро» холдингінің жалпы қарызы 3 триллион теңгеден асқаны және қарыз көлемі түскен табыстан 93 есе асып түскені ресми айтылмап па еді? Шығарылған еурооблигациялар бойынша өз қарызының 572,4 миллиард теңгеге жеткенін холдингтің өзі айтқан еді. Осы жағдайды өзіңіз елестетіп көріңізші. Егер сізге біраздан бері қарыздан қарызға кіріп жүрген бір адамға ақша беруді сұраса және оны «сенімді адам» деп сипаттаса сенер ме едіңіз? Әрине, ондай адамға бере салмайсыз. Себебі, ақшаны қайтарып алатыныңызға күмәнданасыз. Ал Ұлттық банк сенеді және азаматтардың өздерінен сұрамай-ақ ақшасын ала салады. Біз шынында да таңғаларлық елде өмір сүріп жатырмыз» дейді Қазбек Бейсебаев.

Расында, 2017 жылдың 30 қыркүйегіндегі көрсеткішке зер салсақ, холдингтің жинақталған шығыны – 171,8 миллиард теңге екен. Холдинг түсіндіргендей 2013 жылдың мамыр айында 1 миллиард долларға лайықталған еурооблигациялар алғаш рет шығарылған. Ал 2014 жылы 600 миллион еуро болатын бес жылдық еурооблигациялар пайда болыпты.

Бұл мәселеге орай белгілі журналист Тоқтар Жақаш та сыни пікір білдірген. «Зейнетақы қорындағы триллиондарды «ҚазАгроға» береді. Ал «ҚазАгро» оны жекеменшік микрокредиттік ұйымдарға 3 пайызбен таратады. Олар оны халыққа 6 пайыздан 14 пайызға дейін үлестіреді. Бұл да бір коррупциялық схема» деп жазады әлеуметтік желіде.

Еске салсақ, бұған дейін БЖЗҚ-ның 71 миллиард теңге қаржысы әзербайжандық халықаралық банкіне беріліп, бірақ аталған шетелдік ұйым банкротқа ұшырап, нәтижесінде қазақстандық зейнетақы активтері желге ұшқан болатын. Халықаралық Әзербайжан банкі 250 млн АҚШ долларына тең құнды қағаздарды 10 жылға алған. Алайда 2015 жылдың екінші жартысында шетелдік банктің жағдайы қиындап, қарыздарды қайтара алмайтынын мәлімдеген. Бұл туралы Ұлттық банк басшысы Данияр Ақышев: «Облигацияларды алу туралы шешімді БЖЗҚ қызметкерлері емес, сол кезде Ұлттық банкте жұмыс істеген азаматтар қабылдаған» деген еді.

Қазақстандық белгілі қаржыгер Руслан Рысмамбетовтың айтуынша, қазақстандық мемлекеттік құрылым Әзербайжан банкіне салынған қаражатты қайтаруға құлықты емес.

«Біз Халықаралық Әзербайжан банкінен қарызды қайтару туралы арыз бермедік. Соған қарағанда қазақстандық мемлекеттік құрылым бұл істің анық-қанығын ашуға құлықты емес секілді. Алайда әзербайжандық құқық қорғаушылар банк облигацияларын сатып алу үшін қазақстандық шенеуніктердің пайдасына бейресми агенттік төлемдердің жасалған-жасалмағанын білуі тиіс. Қазақстанның өзінің мемлекеттік қызығушылығын қорғай алмауы – Анатоли Статидің арызы негізінде әлі бұғаттаулы жатқан 500 млн долларға қарағанда үлкен шу тудыруы мүмкін» дейді Рысмамбетов.

"The Qazaq Times"