Мексиканың Тихуану қаласына жеткен «мигранттар керуені» АҚШ-пен шекарадағы биік қабырғаны бұзып өтпек болды.

500-ге тарта мигрант шекарадан өтуге тырысқанмен, ірі қақтығыс орын алды. Салдарынан америкалық жауынгерлер келімсектерге көз жасаурататын газ жіберіп, шабуылды тоқтатты. Бұған қатысты АҚШ ішкі қауіпсіздік министрі Кирстьен Нильсен босқындар алдымен бейбіт шеру өткізіп, кейіннен жаппай тәртіпсіздік болғанын хабарлады. Ақ үй басшысы Дональд Трамп өзінің Twitter-дегі жазбасында: «Латын Америкасы елдері мигранттарды бері жібермесе немесе Мексика тарапы оларды біздің оңтүстік шекарамызға жеткізбей тоқтатса дұрыс болар еді. Бұл елдер оларды АҚШ-қа жіберіп құтылғысы келеді. Бұлай істеуге болмайды. Егер сот бойынша босқындардың құжаты толық, әрі дұрыс болса, шекараны ашамыз. Ал сот рұқсат бермеген мигранттардың бір де бірін АҚШ-қа кіргізбейміз», – деп жазды.

Еске сала кетейік, бір ай бұрын Гондурастан бет алған алты мыңға жуық босқын Мексика шекарасына жетіп, ары аспақ болған. Қазірше Мексика билігі Сьюдад-Идальго қаласындағы мигранттарды орналастыру орталығына 5000-нан астам адамды тіркеді.

"The Qazaq Times"