Қырғызстан экс-президенті Алмазбек Атамбаев: «Орталық Азия бейбітшілік пен келісімге Мирзиеевтың арқасында келді» - деп мәлімдеді.

Қараша айының 19-ы күні өзінің иелігіндегі «Апрель» телеарнасына сұхбат берген Алмазбек Атамбаев Қырғызстанның ішкі және сыртқы саясатына қатысты, жеке байлығы мен жемқорлықпен күрес жөніндегі журналистер сұрағына жауап берді.

Ол онда журналистердің: «Сіз президент болып тұрған тұста өте қызу қанды мәлімдемелер жасадыңыз. Біреулер сіздің бұл әрекетіңізді өзге елдермен қарым-қатынасымызды қиындатуға алып келді деп есептейді. Сіз неге олай істедіңіз?» деген сұрағына: «Мен керсінше, Ресей сияқты елдермен қарым-қатынасымызды жақсарттым. Бакиевтың кезінде жағдай мүлде басқа еді. Иә, Ислам Кәрімовтың тұсында Өзбекстанмен қарым-қатынасымыз өте қиын болды. Мен ол кезде оның алдында басымды игім келмеді. Бірақ менің Өзбекстанның қазіргі президенті Шавкат Мирзиеевпен қарым-қатынасым өте жақсы болды. Мирзиеев Өзбекстанды ғана өзгертіп қойған жоқ. Ол бүкіл аймақтың жағдайын өзгертті. Бұл біреуге ұнар, біреуге ұнамас, бірақ дәл қазір Орталық Азиядағы бейбітшілік пен келісім Мирзиеевтың арқасы. Бұндай дүниені өзгелер он жылдап жасай алмады. Ал ол екі жылдың ішінде аймақ қарым-қатынасын осындай деңгейге көтерді. Ал Назарбаевқа келетін болсақ, қазір өзге бір мемлекеттердің сайлауларға араласуы өте өзекті мәселе. АҚШ-та саясаткерлер президент сайлауы кезінде Ресей азаматтарымен араласқаны үшін қызметтерінен кетіп жатыр. Бізде көрші мемлекеттің басшысы президенттікке үміткер адамды қабылдап, жарнамалауда. Бұл араласу емес пе? Иә, көршіміз, иә, бай мемлекет. Бірақ біздің тәуелсіздігіміз қайда? Менің әлі есімде, 2010 жылы парламент сайлауында, 2011 жылы президент сайлауында көбісі көрші мемлекеттерден ақша алды. Бұны тоқтату керек болды. Мен соны істедім. Бұдан былай алдағы сайлауларда ашық араласулар болмайды деп есептеймін. Ал менің Назарбаевпен жеке қарым-қатынасыма келетін болсақ, бұл енді мүлде басқа тақырып. Бірақ біздің жеке қарым-қатынасымыз мемлекетаралық қарым-қатынастарға әсер етпейді. Себебі біз көршіміз және Еуразиялық экономикалық одақтамыз» - деп жауап берді.

Естеріңізге салайық, 2017 жылы болған президент сайлауы кезінде  Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев Нұрсұлтан Назарбаевты сайлауға араласты деп айыптап, «көрші елдің диктаторы» деп бірнеше рет мәлімдеме жасаған. Осыдан кейін ресми Астана Қырғызстанмен арадағы шекараны уақытша жауып тастаған.

"The Qazaq Times"