Мексикадан саяси баспана сұраған орталықамерикалық мигранттардың саны артты.

Мексика ішкі істер министрінің мәлімдеуінше, мыңнан астам мигрант еліне оралса, үш мыңға жуығы саяси баспана алуға өтініш тастаған. Өткен айда Латын Америкасынан шыққан мигранттардың біраз бөлігі АҚШ шекарасына жақын Тихуана қаласына жеткен болатын. Екі апта бұрын Гондурастан бет алған алты мыңға жуық босқын Мексика шекарасына жетіп, ары аспақ болған. Мексика қауіпсіздік күштері мигранттарға тосқауыл болып, ірі қақтығыстар орын алды. Президент Дональд Трамп өткен аптада заңсыз мигранттарға саяси баспана бермеу туралы заңға қол қойды. Сондай-ақ Мексикамен шекара күшейтіліп, 6 мыңнан астам жауынгер орналастырылды. Бұған дейін АҚШ-тың Иммиграциялық және кедендік бақылау қызметінің басшысы Кевин Макэлинэн: «Босқындарды еліне қайтарамыз. Америка көшбасшысының мәлімдемесіне сай, құқық бұзуға және заңсыз әрекеттерге жол бермейміз», – деген болатын. Заңсыз жолмен шекара аспақ болған босқындарды еліне қайтару үшін қарулы әскерилер де жіберілген. Бірақ, биліктегі әділетсіздік пен қаржылық дағдарыстан құтылмақ болып туған жерінен қашқан мигранттар саны азайған жоқ.

"The Qazaq Times"