Бүгін Рухани келісім күні қарсаңында алты ай бұрын жарияланған дін саласындағы өзекті мәселелерге арналған алматылық журналистер байқауының қорытындысы белгілі болды. Алматыдағы «Қоғамдық келісім» үйінде өткен марапаттау салтанатында үздік шыққан журналистерге ақшалай сыйлықтар табыс етілді.
Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының әлеуметтік маңызды жобалары негізінде Ұлттық журналистік зерттеу орталығы жүзеге асырған үздік шығармалар сайысына 56 журналист пен қаламгер қатысып, бас-аяғы 100-ден астам жұмыс келіп түскен. Қатаң талқыдан өткен бәсекелі талдау 9 номинация және 5 ынталандыру сыйлығы бойынша жүргізілді. Жүлденің жалпы қоры – 1 000 000 теңге.
Байқауға 2018 жылдың 1 сәуірінен бастап 1 қазанға дейінгі жарияланған материалдар қабылданған. Басты қойылған талап – Қазақстанның зайырлы мемлекеттік құрылымын қарапайым әрі ұғынықты тілмен түсіндіру, мемлекеттік саясаттың заңнамалық талаптарын ұғындыру, дін атын жамылған экстремистік ағымдарды әшкерелеу, дәстүр мен діннің өзара байланысын жеткізу, діни экстремизмнің алдын алу, теріс діни топтардың идеологиясы мен олардың зияндығын ашып көрсету.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, қандайда бір діни ұстанымды немесе дінді насихаттауға бағытталған материалдар қабылданбаған.
Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының басшысы Айдар Есенбеков «Осымен екінші рет өткен іс-шара былтырғыға қарғанда өте тартысты өтті. Бір-бірінен өткен шығармалар да көп болды. Бұл бір шетінен журналистердің қызығушылығын да білдіреді. Ал біз үшін байқаудың басты мақсаты – экстремизм мен жат ағымдармен күресте алғы шепте табылатын қалам иелеріне қолдау көрсету. Сонымен қатар, мемлекеттік саясатқа серпіліс беретін ағартушылық бағытындағы жұмыстарды күшейту және экстремизмнің алдын алуда ақпараттық кампания құру. Бұл өреде журналистердің еңбегі өте зор» дейді.
Одан кейін сөз алған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубекұлы ұлттық және мемлекеттік мүдде тұрғысынан журналистердің миссиясын тілге тиек ете келе, олардың рухани-ағартушылық бағытындағы жұмыстарына табыс тіледі. Ал Алматы қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі, белгілі қоғам қайраткері Құсман Шалабаев күрделі мәселелерден аяқ алып жүргісіз уақыттағы журналистердің рөліне тоқталды.
Салтанатты марапаттау барысында алдымен ынталандыру сыйлығы беріліп, сыйлық иегерлеріне Ұлттық журналистік зерттеу орталығының жетекшісі Дәрмен Смайыл 20 мың теңгелік сертификатпен, арнайы дипломдарды табыс етті. Ынталандыру сыйлығына «Түркістан» газетінің тілшісі Динара Мыңжасарқызы, «Алматы» арнасы «Ақшам алаңы» бағдарламасының авторы әрі жүргізушісі Үмбетәлі Меймеш, «Abai.kz» ақпараттық порталының редакторы Нұргелді Әбдіғаниұлы, «newtimes.kz» сайтының арнаулы тілшісі және «Ахыска» халықаралық газетінің тілшісі Кальбинур Хошназарова, «Асыл арна» телеарнасы «Арнайы репортаж» бағдарламасының тілшісі Алтынбек Рахымберді ие болды.
Одан кейін сахнаға «жүзден жүйрік шыққан» үздіктер көтеріліп, арнайы номинация дипломымен және 100 мың теңгелік сертификатпен марапатталды. Қазылар алқасының шешімімен «Үздік телевизиялық бағдарлама» номинациясына «31-арна» телеарнасы «Сөздің шыны керек» бағдарламасының авторы Ирина Советжанқызы, «Мерзімді басылымдардағы қазақ тіліндегі ең үздік мақала» номинациясына «Заң» газетінің тілшісі Түймегүл Ибашева, «Ең белсенді блогер» номинациясына белгілі журналист Төреғали Тәшенов, «Үздік әлеуметтік бейнеролик» номинациясына «31-арна» тілшісі Ардақ Камал, «Мерзімді басылымдардағы орыс тіліндегі ең үздік мақала» номинациясына «Central Asia Monitor» республикалық қоғамдық-саяси газетінің тілшісі Сауле Исабаева, «Үздік радиобағдарлама» номинациясына «Қазақ радиолары» ЖШС «Алматы» студиясының редактор-жүргізушісі Бақытжан Жармұхамбет, «Әлеуметтік желілердегі ең үздік белсенді қоғамдық топ» номинациясына «Инстаграм», «Фейсбук», «ВКонтакте» әлеуметтік желілеріндегі «Біз экстремизмге қарсымыз» парақшасы, «Интернет желісіндегі орыс тіліндегі ең үздік мақала» номинациясына «Zakon.kz» желілік басылымы арнайы репортаждар бөлімінің редакторы Торғын Нұрсеитова, «Интернет желісіндегі қазақ тіліндегі ең үздік мақала» номинациясына «Болашақ» бағдарламасының стипендианты, әлеуметтану ғылымдарының магистрі Айсұлу Молдабекова лайық деп танылды.