АҚШ Мемлекеттік департаменті ресми мәлімдеме жасап, мемлекеттік хатшы Помпео 6-8 қазан күндерінде Токио, Пиоңяң (Пхеньян), Сеул және Бейжің қатарлы Жапония, Солтүстік Корея, Оңтүстік Корея және Қытай орталық қалаларында ресми сапарда болатынын хабарлады.

Мәлімдемеде айтылуынша, Помпео кезекті Шығыс Азия елдеріндегі сапарында Солтүстік Кореяның түпкілікті және толық тексерілген түрде ядролық қарудан бас тарту мәселесін басты назарға ұстамақ. Бұған қоса Құрама Штаттың аймақтағы одақтастары мен маңызды серіктестерімен ұзақ мерзімді қарым-қатынас мәселелері де қолға алынбақ.

Сапардың күн тәртібіне сәйкес, 6-7 қазан күндері Помпео Токиода Жапонияның бас уәзірі Шинзо Абе және СІМ басшысы Таромен кездесу ұйымдастырады.

7 қазан күні АҚШ мемлекеттік хатшысы Пиоңяң қаласында Солтүстік Корея басшысы Ким Жоң Унмен кездеседі.

7-8 қазан күндері Сеулде Оңтүстік Корея президенті Мүн Жайн мен сыртқы істер министрі Кан Гионхвамен кездесуде болады.

8 қазан күні сапарының соңғы бекетінде АҚШ мемлекеттік хатшысы Қытай орталық қаласында аймақтық және жаһандық мәселелерді талқылау үшін қытайлық әріптестерімен кездеседі.

Мәлімдемеде, Помпеоның Жапония, Оңтүстік және Солтүстік Корея басшыларымен кездесетіні анық айтылған. Алайда, Қытай басшысы Ши Жинпиңмен кездесетіні туралы мәлімет берілмеген.

Алайда, Помпео осыдан бұрын 14 маусым күні Бейжіңге жасаған ресми сапары кезінде АҚШ-тың Қытайдағы бас елшісі Брандстпен бірге Қытай төрағасы Ши Жинпиң, мемлекеттік кеңестің төрағасы Яң Жиечы және сыртқы істер министрі Уаң Иймен кездескен болатын. Маусым айындағы кездесуде тараптар КХДР ядролық мәселесі, сауда және Оңтүстік Қытай теңізінің милитаризациясы сияқты тақырыптарды талқылады.

Ал АҚШ қорғаныс министрі Жеймс Мэттис соңғы рет 27 маусым күні Бейжің сапарында болған. Ол Қытай басшысы Ши Жинпиң және Қытай қорғаныс министрі Вей Фыңхымен кездесіп, Оңтүстік Қытай теңізінің милитаризациясын және еркін навигация мәселелерін атап өткен болатын. Дегенмен, осыдан кейін Қытай мен АҚШ-тың Оңтүстік Қытай теңізі және Үнді-Тынық мұхитындағы қайшылығы арта түскен болатын. Бұл қайшылық қазір тіпті де ұлғайып, екі ел арасындағы ең үлкен мәселенің біріне айналып отыр.

Помпеоның кезекті Бейжің сапары АҚШ пен Қытай қатынасына қандай ықпал жасайтыны туралы тап басып айту қиын. Дегенмен, екі ел ортадағы сауда және қорғаныс саласындағы мәселелерді шешуге талпыныс жасайтыны айқын.

“The Qazaq Times”