Ирак парламенті Күрдістан патриоттар одағы партиясының басшысы Бархам Салихты президент ретінде сайлауға дауыс берді, - деп хабарлайды Al Jazeera.
Бұдан бұрын ол күрд автономиялық үкіметін басқарған және Ирак премьер-министрінің орынбасары болған. Парламент отырысы Күрдістан патриоттар одағы мен Күрдістан демократиялық партиясының арасындағы даудың кесірінен ұзаққа созылған. Енді, президент тағына келген Бархам Салих шииттік саясаткер Адиль Әбул-Махдиді бірден жаңа премьер-министр етіп тағайындады. Сонымен қатар, президенттік антын қабылдаған Салех, өзінің «тек белгілі бір топтардың ғана емес, бүкіл ирактықтардың» президенті болғысы келетінін мәлімдеді.
Еске салайық, үстіміздегі жылдың мамыр айында Иракта парламенттік сайлау өткен еді. Ирак конституциясына сәйкес, парламент спикері сүнниттердің өкілі, премьер-министр —шииттер өкілі, ал президент — күрд ұлтынан болуы тиіс.