Бұл бокс додасы Американың Толедо қаласында өтті. Сайыс оңай болған жоқ. 12 раундқа созылды. Шайқас майданының бас кейіпкерлері – Қазақстанның кәсіпқой боксшысы Жанат Жақиянов (26-1, 18КО) пен америкалық Роуши Уоррен (14-1, 4КО). Екеуінің таласып жүргені – жеңіл салмақтағы WBA (Super) және IBO категорииясы бойынша әлем чемпионы белдігі.
Сайыстың барысы туралы айта кетсек, алғашында америкалық былғары қолғап шеберінің арыны басым болыпты. Бірінші кездесуде қазақ боксшысын сүріндіріп, тіпті нокдаунға түсіріп жіберді. Бірақ, қайсар қазақ спортшысының оған беті қайтқан жоқ, екінші майданнан бастап, ырықты өз қолына ала бастады. Сол еңсергеннен қайтып бас көтерткен жоқ, үсті-үстіне ауыр соққының астына ала берді. 12 раундтың соңына шыққанша қазақ боксшысы қарсыласын әбден сілкпеледі. Соңында, Роуши Уоррен расын айтты. Неше рет сенделектеп, бүктетіліп отырып та қалды. Әйтсе де, ол да оңай шағылмайды екен, ойынның аяғына дейіп шыдады әйтеуір. Бірақ, төрешілер жеңісті қазақ боксшысы – Жанат Жақияновқа берді.
Сөйтіп, Жанат өзінің кәсіпқой бокстағы 27 кездесуін жеңіспен аяқтап, жеңіл салмақтағы WBA (Super) және IBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атанды.
Енді, аты әлемге таныла бастаған қазақ батыры, кәсіпқой боксшы Жанат Жақиянов жайлы аз мәлімет айта кетейік. Жанат – Қызылжар өңірінің тумасы. Осыған дейін кәіспқой бокс алаңдарында өнер көрсетіп жүргенімен, ол халыққа онша танымал емес-тін. Мүмкін, олимпиада ойындарына қатыспағанынан да болар.
Жанат Жақиянов кәсіпқой боксқа 2007 жылы келгенімен, алғашқы ауқымды жеңісіне 2015 жылы қол жеткізді. Ол WBA тұжырымы бойынша, Монте-Карлода өткен 12 раундтық жекпе-жектете жеңіл салмақтағы уақытша әлем чемпионы белдігіне қол жеткізді. Сол жылы тағы да сәтті өнер көрсетіп, EBU тұжырымы бойынша жеңіл салмақта Еуропа чемпионы атағын жеңіп алған.
Қазірге дейін өткізген 26 кездесуінің 25-інде жеңіске қол жеткізіпті. Оның 18 кездесуін уақытынан бұрын аяқтаған. 2015 жылдың соңына қарай жарақат алып, бір жылдан астам емделген Жанат, енді міне жаңа жеңісіне қол жеткізді. ZZ деген жанама атпен бокс алаңдарын бағындырып жүрген Жанат, кәсіпқой бокста Г.Головкиннен кейінгі қазақ спортшылары арасындағы екінші чемпонымыз болып отыр.
Қазақ боксшысы Жанат Жақияновтың алдағы кездесулеріне де үлкен табыс тілейміз!
“The Qazaq Times”