Қырғызстан президенті Сооронбай Жеенбеков Түркі Кеңесінің жанынан жастармен жұмыс істейтін арнайы хатшылық құруды ұсынды.

Қырғызстанның Шолпан-ата қаласында өтіп жатқан Түркітілдес елдердің VI-саммитінде қырғыз басшысы Жеенбеков: «Қазіргідей геополитикалық жағдайда туыстас елдердің жастарын тарихын, мәдениетін, тілі мен бауырлас елдердің салт-дәстүрін бойларына сіңіріп өсіру үлкен маңызға ие. Тек осындай жолмен ғана жастардың радикалистердің тұзағына түсулерінің немесе жат идеологияларды қабылдауларының алдын алуға болады», - деді. Қырғыз басшысының сөзінше, құрылуы ұсынылған хатшылықтың жұмысы жастарды да қамтитын интеграциялық іс-шаралар мен жобаларды дамытуға бағытталуы тиіс. С.Жеенбеков экономиканың әртараптандырылуына, көлік дәліздерінің кеңейтілуіне, кәсіпкерліктің дамытылуына және инвестициялық климаттың жақсартылуына қажетті деңгейде көңіл бөлу керек деп санайды. «Осындай мақсаттарда Экономика министрлерінің жұмысын жандандырып, экономикалық ынтымақтастық жөніндегі жұмыс топтарын да дамытуымыз керек» ,  -  деді ол.

Одан бөлек, Қырғызстан теңізге шығатын мүмкіндігі жоқ ел ретінде Батыс пен Шығыс арасын толық байланыстыратын транспорттық маршруттарды дамытуға мүдделі. Осыған байланысты «Қытай — Қырғызстан — Өзбекстан» теміржол магистралы құрылысының жобасы үлкен маңызға ие екенін де айтты.

“The Qazaq Times”