Биылғы жылы Сауд-Арабиясы әйелдер құқығына қатысты бір емес, қатарынан бірнеше сенсациялық шешімдерге барып отыр. Бұдан бұрын да, Саудия тарихында алғаш рет әйелдердің көлік жүргізуіне рұқсат еткен билік, бұл жолы арабтарға таңсық тағы бір шешім қабылдады. Яғни, Сауд-Арабиясының Азаматтық авиациясының Бас басқармасы (GACA) бес әйелге ұшқыш лицензиясын берген. Бұл туралы «lemonde.fr» хабарлайды.
Осылайша, саудиялық әйелдерге Saudi Arabian Airlines (Saudia) авиакомпаниясының ұшақтарында экипаж командирлері ретінде жұмыс істеуге рұқсат етілген. Сауд-Арабиясы әйелдеріне ұшқын лицензиясын беру «GACA»-ның басты жоспарларының бір бөлігі болып табылады. Осыған сәйкес, саудиялық әйелдер авиация секторында жұмыс істеуге мүмкіндік алады. Ал, бұл — Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) басты мақсаттарының бірі болып табылады екен.
Жоғарыда да айтып өткеніміздей, соңғы уақытта «GACA» мен техникалық қызмет көрсететін компанияларда жұмыс ісейтін Сауд-Арабиясының әйелдері көбеюде. Еске салайық, осы жылдың 9 шілдесінде, Сауд-Арабиясының Әділет министрлігі тарихта бірінші рет әйелдерге нотариалдық қызмет көрсету құқығын танытатын лицензия берген еді. Алайда, арабиялық ақпарат көздерінің хабарларына сенсек, Әр-Риадтың осындай қоғамдық шешімдеріне қарамастан, елдегі әйелдердің еркіндігі әлі де ерлердің бақылауында көрінеді.