АҚШ президенті Дональд Трамп Гавай аралдарының тұрғындарына ескерту жасап, төтенше жағдай жариялады. Оған себеп, әлем бойынша қауіпті табиғи апаттардың бірі Лейн сұрапыл дауылының 210 шақырым жылдамдықпен оңтүстіктен жақындап келе жатқандығы.
1992 жылы Гавай штатында Иники дауылы соғып, табиғи апат салдарынан біраз тұрғын жапа шегіп, мемлекетке 1,8 миллиард доллар шығын келген еді. Бүгінгі болжам бойынша, Гавай аралдарындағы Лейн дауылының да шығыны сондай болуы мүмкін. Штат губернаторы Дэвид Иге барлық мектептер жабылатынын және мамандығы төтенше жағдаймен байланысты емес қызметкерлердің жұмысқа шықпауына рұқсат етілгенін хабарлады. Штатқа табиғи апатпен күресу үшін федералдық көмек берілді. Сондай-ақ, құтқарушыларды жіберіп, дауылдың алдын-алу шаралары жүргізілді. Президент Дональд Трамптың бұйрығымен өңірде дауылға қарсы арнайы дайындық шаралары жүріп жатыр. Аймақта 200 мың адамды қабылдайтын ондаған арнайы орталық ашылған.
АҚШ-тағы төтенше жағдай жөніндегі агенттіктің өкілі Брок Лонг: "Дауыл салдарынан өзендер арнасынан тасып, су тасқыны мен лай көшкіні жүру қаупі бар. Аймақта жел қарқыны күшейіп, аудандарда күшті нөсер болуы мүмкін деп болжап отырмыз. Қазір тұрғындардың қауіпсіздігі үшін барлық қажетті шаралар қолға алынды", – деп мәлімдеді.