21 тамыз, сейсенбі  күні Грузияның Әділет министрлігі Ресей Федерациясының үстінен адам құқықтары жөніндегі Еуропа сотына мемлекетаралық талап түсірді. Грузияның бұл қадамына Оңтүстік Осетияда Арчил Татунашвилидің өлтірілуі мен басқа да адам құқықтарының аяқ асты етілуі себеп болған. Бұл жөнінде аталған мекемеге сілтеме жасап Грузия Online хабарлайды.

«Талап үстіміздегі жылдың ақпан айында Арчил Татунашвили өлтірілгеннен кейін критикалық жағдайға жеткен әрі 2008 жылғы соғыстан соң әбден шиеленіскен басып алынған аймақтарда тұратын грузин халқының жаппай қудалануы, ұстап-қамалуы, оларға жасалған шабуыл мен азаматтарымыздың өлтірілуіне байланысты түсірілген», - деп хабарланған. Аталған ведомоства Ресей мен оның қарамағындағы биліктер өздерінің қылмыстарын жасыруға тырысып, А.Татунашвилидің мүрдесінің медициналық сараптамасы туралы мәліметтердің балама нұсқаларын ойлап табу арқылы Грузия билігін шатастыруға тырысуда делінген. Осыған байланысты, Грузия Страсбург сотынан (Еуропа соты) Еуропа конвенциясының көптеген баптарын бұзуына байланысты Ресей Федерациясын жауапкершілікке тартуды талап етуде. Бәрімізге белгілі, Грузия азаматы Арчил Татунашвили туыстарын көру үшін, ауылына келгенінде Оңтүстік Осетия билігі тарапынан ұрлап әкетілген еді. Оған «диверсиялық қызметтер» үшін айып тағылып, артынша ол сатыдан түсіп бара жатқанда қаза тапқан сияқты көрсетілген еді.

“The Qazaq Times”