Венесуэланың ақпарат және байланыс министрі Хорке Родриес президент Николос Мадуроға жасалған қастандықтың жарты жыл бойы ойластырылғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды «timeturk.com».

"Президент Мадуроның қауіпсіздік қызметі оны дер кезінде эвакуациялап қана қоймады, сонымен қатар қылмыс орын алған жерде бірнеше күдіктіні де қолға түсірді... Қазіргі таңда олар осы операцияның егжей-тегжейіне дейін айтып беруде. Әзірге белгілісі, бұл операция кем дегенде жарты жыл бұрын ойластырылған", - деді Родригес.

Бұдан бұрын, сенбі күні Боливар даңғылындағы трибунада Мадуроның шеруі кезінде оған жарылғыш қуаты бар бірнеше ұшу құрылғыларының бағытталғаны туралы хабарланған еді. Ақпарат құралдарының жазуынша, оқиға салдарынан жеті гвардияшы жарақат алған, абырой болғанда президентке ештеңе болмаған. Кейін Мадуроның өзі осы оқиғаға Колумбия билігі мен оппозициясын кінәлаған.

Ал, Колиубия СІМ өздерінің оқиғаға қатыстылығы туралы айыптауды жоққа шығаруда. Сонымен қатар, АҚШ- президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джон Болтон «Fox News» телеарнасына берген сұхбатында америкалық биліктің де президент Мадуроға жасалған қастандыққа ешқандай қатысы жоқ екенін мәлімдеді.

Ендеше, қастандықты кім ұйымдастырды?

Сенбі күні Венесуэла президенті Мадуроға жасалған қастандық әрекетін «Фланелді әскер» атты астыртын топ өз мойнына алған. «Операция С4 жарылғышы бар екі дрон арқылы жасалды. Алдымен президенттік трибунаға бағытталды, алайда президенттік гвардия дронды көздеген нысанаға жетпей тұрып атып түсірді»,  - деп жазылған аталған топтың  «Twitter» желісіндегі парақшасында.

«Sin Embargo» атты мексикалық портал «Фланелді әскерлер» тобының 2014 жылы құрылғанын және 2018 жылдың қаңтар айындағы арнайы операция кезінде көзі жойылған көтерілісші полицей Оскар Переспен байланысы бар екенін хабарлайды. Аталған топ өзін Мадуроға қарсы ұлттық деңгейде күресуші барлық күштерді біріктіруші ретінде танытқан. Президент Мадуро өзіне қастандық жасағандарды ауыр жаза күтіп тұрғанына уәде берген. «Ешқандай кешірім берілмейді. Мен бұған халықтың болашағымен, Отанымның болашағымен ант ішемін», - деп мәлімдеген Мадуро халыққа арналған телекөпірде.

“The Qazaq Times”