Азияға ресми сапармен аттанған АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоның алғашқы бекеті Малайзия болды. Оның бұл сапарының басты мақсаты еркін сауданы жебеу және Солтүстік Кореяны ядролық қарудан барынша ертерек бас тартуға көндіру. Бұл туралы VOA басылымы хабарлады.
Помпео бейсенбі күні Куала-Лумпурға жетті, ал бүгін Малайзияның премьер-министрімен кездеседі. Сапарының күн тәртібі бойынша, Малайзиядан кейін ASEAN аймақтық форумына қатысу үшін Сингапурға бармақ.
Маусым айында Трамп-Ким саммитінен кейін, Құрама Штаттың лауазымдылары Солтүстік Корея ядролық қарудан бас тартады деп үміттенген. Алайда, қазірге дейін Солтүстік Кореяда ядролық қарусыздану процесі байқалмады. Кезекті Азия сапарында Помпео журналистер сұрағына жауап беріп, АҚШ тарабы Солтүстік Кореяның өз уәделерін орындамай кетуінен алаңдап отырғанын мойындады.
Washington Post басылымының сейсенбі күнгі хабарында да, АҚШ үкіметінде Солтүстік Корея ісінен алаңдаушылықтың күшті екені жазылады. Барлау ұйымдарының өкілдері берген мәліметке сенсек, Пиоңяң (Пхеньян) жаңа зымырандарды дамытуды жалғастыруда, тіпті, Құрама Штаттың шығыс жағалаудағы қалаларын соққылай алатын зымыран құрылғыларын орнатып қойған.
Осы аптадағы сапарында Помпео ASEAN аймақтық форумына қатысушы елдерді Солтүстік Кореяға бағытталған санкцияны жалғасты қатаң сақтауға шақырмақ. Сонымен бірге, бұл сапарында АҚШ мемлекеттік хатшысы аймақтағы елдермен Оңтүстік Қытай теңізі мәселесін, Мьянмадағы мұсылмандар дағдарысы және кибер-қауіпсіздік мәселелерін талқыға салмақ.