Қазақстандықтар өздерінің жеке деректерін бұғаттауға құқылы. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорация» КЕАҚ төрағасы Абылайхан Оспанов мәлімдеді, деп хабарлайды Tengrinews.kz сайтының тілшісі.

«Жеке деректер мен мәліметтерді рұқсатсыз пайдалану қаупін жою мақсатында, біз азаматтардың өздерінің жеке деректерін бақылау мүмкіндіктеріне қатысты жоба жасадық. Басқаша айтқанда, ХҚКО мамандары азаматтардың жеке бастарына қатысты деректерді тек олардың келісімдерімен ғана ала алады. Бұл қысқа хабарлама арқылы атқарылады», деді А.Оспанов, Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған жоба екі кезең арқылы жүзеге асырылады. Бірінші кезеңде «Электронды үкімет» (eGov.kz) порталы пайдаланушыларының жеке кабинетінде апта соңына дейін деректерді бұғаттау функциясы пайда болады. Порталдың әрбір пайдаланушысы оны іске қосып және өздерінің жеке деректерін бұғаттай алады. Сонымен қатар, қызмет пайдаланушылар жеке деректерін тек жеке кабинеттері арқылы бұғаттан шығара алады. Екінші кезең — жеке деректерін «SMS-қызмет» арқылы бұғаттан шығару түрінде жүзеге асырылмақ. Яғни, егер портал қолданушысы жеке деректерін бұғаттаған жағдайда, ХҚКО қызметкері жүйеге сол азаматтың ЖСН нөмірін енгізгеннен кейін ұсыныстар көрсетілген хабарлама алады. Бұл әдіс тек қызмет пайдаланушы тарапынан SMS-пен расталғанда ғана, ХҚКО маманы одан кейінгі қызметтерді көрсету үшін деректерге қол жеткізе алады. «Осы қызметті пайдалану үшін азаматтардың мобильді базасына тіркелу керек. Бұны «электронды үкімет» порталындағы жеке кабинеттерінде немесе кез келген ХҚКО-да жасауға болады», деп хабарлайды «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының баспасөз қызметі.

“The Qazaq Times”