Өзбекстан мен Түркіменстан біраз уақыттан бері шешімін таппай келе жатқан мемлекеттік шекараны демакациялау туралы мәселені тағы да қарастырды, деп хабарлайды Өзбекстан СІМ-нің баспасөз қызметі.

Өзбек-түрікмен үкіметаралық біріккен комиссиясы жұмыс тобының кезекті кездесуі Өзбекстанның Хорезм облысына қарасты Үргенч қаласында 14-20 мамыр күндері өтті. Кездесу барысында екі ел арасындағы шекараны жүргізу мен межелеу мәселелері талқыланды. Өзбекстан СІМ-нің баспасөз қызметінің хабарлауынша, тараптар шекараның жекелеген бөліктеріне қатысты атқарылған топографиялық ортақ жұмыстардың нәтижесін қарастырған. Кездесу қорытындысы бойынша, 2018 жылға арналған жоспар-кесте аясындағы жұмысты одан әрі жалғастыруға келісім жасалған. Егер, оңтүстіктегі көршілеріміз аталған келісімшарт аясындағы жұмыстарын осы қарқынмен жалғастыра берсе, бұған дейін екі ел арасындағы біраз келеңсіздікке себеп болған шекара мәселесі де біржақты болатын сияқты.

“The Qazaq Times”