Еліміздегі полицейлер жүргізуші куәлігін сот шешімінсіз айыру құзыретіне ие болуы мүмкін. Мұндай өзгеріс "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Кодекстің жаңа тұжырымдамасында  қарастырылған. Тиісті заң жобасын Ішкі істер министрлігі ұсынып отыр. Айтуларынша, аталған түзетулер сот органын артық жүктемен босатады екен. Сондай-ақ, жүргізушілерге уақытты үнемдеуге көмектеседі-мыс.

Тәртіп сақшыларының бұл ұсынысы қаншалықты тиімді? Онсыз да жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа шырмалған сала мамандарына әлгіндей құзыр берілсе, парақорлық дендей түспей ме? Осы сауалдарға жауап алу үшін белгілі заңгер Думан Базарбековтың пікірін білуді жөн көрдік.

- Полицейлерге жүргізушілерді куәліктерінен айыра алатындай құзыр берілсе, саладағы жемқорлық үдей түспей ме?

- Меніңше, Ішкі істер министрлігінің бұл ұсынысы - тым асығыс жасалды.  Мұндай жаңашылдыққа қоғам әлі үйренісе қоймады. Полицейлерге әлгіндей құзыр берілсе, онда сала мамандары парақорлыққа сөзсіз маталады. Тәртіп сақшыларының қызмет бабын асыра пайдаланып, жүргізушілерден ақша сұрауы үдей түседі. Қазірдің өзінде бұл салада пара алу деректері көбеймесе, кеміген жоқ. Заңға өзгеріс енер болса, онда "іздегенге сұрағанның" кері келейін деп тұр...

- Елімізде заң бұзған адамдарға жаза тағайындауға тек соттардың ғана құзыры бар. Үкімет полицейлердің пәрменін арттырса, Конституцияға қарсы шыққандай болмай ма?

 

Фото: 24.kz

- Конституцияға қарсы шықпайды. Бірақ, Ата заңда тайға таңба басқандай етіп көрсетілген белгілі бір нормаларға қайшы келетіні рас. Айталық, біздің елде азаматтардың құқығын шектейтін дүниелерді, яғни куәліктен айыру, әкімшілік қамауға алу сынды шешімдерді тек сот органдары ғана қабылдайды. Ондай құзыр ешбір ұйымда жоқ. Айыпты адамға тек сот үкім кесе алады. Ендеше, полицейлерге жүргізуші куәлігін айыру құзырын берудің өзі - әбестік. Қалай болғанда да, Кодекс тұжырымдамасындағы бұл ұсыныс қолдау таппайтын шығар. Өйткені, қоғам өретүрегелуі мүмкін. "Әлгіндей түзету енгізілгелі жатыр!" деген сыбыс шыққан күні-ақ, жұрттың ұлардай шуласып, әлеуметтік желіде наразылық білдіргенін білеміз. Сондықтан, Ішкі істер минтистрлігі бұқара пікірімен санасуы тиіс.

- Полицейлердің құзырын арттырудағы мақсат не? Соттардың жұмысын жеңілдету ме?

- Ішкі істер министрлігі бұл ұсыныс сот органдарын артық жүктемеден босатады деді. Солай делік. Бірақ адам құқығын олай шектеуге болмайды. Әуелде айтқанымдай, айыпты адамдарға тек сот органдары ғана үкім кесе алады. Заң саласында мамандар жеткіліксіз десе, олардың санын көбейту керек шығар. Бірақ олардың белгілі бір құзырын полицейлерге беріп, жұмыстарын жеңілдету - ақылға қонымсыз. Естуімше, Ішкі істер министрлігі полицейлерге құзыр берілсе, көлік жүргізушілеріне де тиімді болады дегенді айтқан екен. Олар белгілі бір істер бойынша сотқа барып, әуре болмайды. Әрі-бері жүріп, сабылмайды дегенді желеу еткен екен. Бұл енді тіптен күлкілі.

“The Qazaq Times”