Аустралияның (Австралия) ақпарат құралдары, Қытайдың Оңтүстік Тынық мұхиттағы Вануату елімен байланыс орнатып, сол елде тұрақты әскери база салу туралы келіссөз жүргізіп жатқанын хабарлады. Алайда, Қытай мен Вануату елдері бұл мәліметті теріске шығарған. Бұл туралы «VOA» ақпараттық сайты хабарлады.

Аустралияның Fairfax Media таратқан хабарда, Вануату үкіметі ресми ұсынысты қабылдамағанымен, Қытай мен Вануату арасында тұрақты әскери база ісі туралы алдын ала талқылаулар болған. Аталған хабарда, Қытайдың Аустралияға жақын жерден әскери база салуы мүмкін екені жайында Уашингтон (Вашингтон) мен Канберра арасында талқы болып өткен.

Вануатудың СІМ басшысы бұл хабарды теріске шығарды. Ол сөзінде: «Вануату үкіметі Қытаймен бұл тақырыпта ешқандай талқы өткізген жоқ. Вануату боса ешқандай халықаралық одақта жоқ ел. Сондықтанда, біз милитаризация мен әскери базаның кез-келген түрін құруға мүдделі емеспіз», – деді.

Кеш өткен баспасөз конференциясында Қытай СІМ өкілі де бұл мәліметті теріске шығарып, «жалған қауесет» деп бағалады.

“The Qazaq Times”