Қытай басшысы Ши Жинпиң Бүкіл қытайлық халық құрылтайында сөйлеген сөзінде «Қытайды тек қана социализм құтқарады» деген ойын ортаға салды. Ол және мемлекет экономикасы мен өзге даму көрсеткіштерінің өз орынын сақтап тұрғанын айта келіп, елдің тұтастығы туралы көбірек сөз етті. Ол бұл тақырыптағы сөзінде Тайуанның (Тайвань) Қытайдан бөлінуге әрекет етіп жатқанын сынға алды. Бұл туралы BBC-дің ресми сайты хабарлайды.
Қытай басшысының кезекті сөйлеген сөзінде, елдің қазіргі даму бағыты, алдағы міндеттер мен жаңа бағыттар, Қытайдың жаһандық амбициясы, сондай-ақ, әлем алдындағы міндеті деген секілді тақырыптарға тоқталды. Ол Қытайдың қуатты ел болуға тырысатынын, бірақ агресивті болмайтынын баса айтты. Айталық, Қытай басқа елдердің мүддесін өзіне пайдаланбайды деген ойды алға тартты.
Ши Жинпиң «Үлкен Қытай» саясаты туралы сөйлеген сөзінде, Тайуан, Гонконг, Тибет өңірлерін көбірек атап өтті. Ол: «Бейжіңнің бөлшектеушілердің әрекетін тоқтатуға құдіреті жетеді. Қытай халқының бір ғана сенімі бар – қуатты мемлекетіміздің бір тұтам жерін ешкім бөліп әкете алмайды», – деді.
Тайуан - Бейжің билігінің ең сезімтал тақырыптарының бірі. Тайуан аралы Қытайдың меншігі деп мойындау барлық елдермен жасасқан дипломатиялық келісімінің алғышарты болып келеді. Жақында АҚШ жаңа заң қабылдап, Тайуанның жоғары дәрежелі өкілдерін жекелей қабылдауға жол ашты. Ал Бейжің тарабы Тайуанмен қарым-қатынас орнатқысы келетін кез-келген елді, алдымен өзінің рұқсатын алуы керек деп санайды.
Ши Жинпиңнен кейін сөз алған елдің премьері Ли Кычяң ресми Бейжіңнің экономикалық тәртіпті қатаң сақтайтыны, өзге елдермен ынтымақтасуды қалайтынын білдірді. Ол және әлемдік сауда желісінің барлық елге пайда келтіретінін айта келіп, Қытайдың алдағы жерде отандық және шетелдік компанияларға бірдей жағдай жасайтынын алға тартты. Бұнысы Қытай экономкасының осыған дейін нарықтық экономика ретінде бағаланбай келуіне қарата айтылғаны анық. Себебі, АҚШ бастаған бірқатар Батыс елдері Қытай үкіметінің отандық компанияларды көтермелеп, шетелдік кәсіпкерлерге қысым жасайтынын айыптаған болатын.