Қатысты лауазымды тұлғалардың ақпарат құралдарына берген мәліметіне қарағанда, осы аптада АҚШ Пәкістанды халықаралық лаңкестікті қаржыландыруды бақылаушы елдер тізіміне қосу туралы бастама көтермек. Сауд Арабиясы Түркия мен Қытайды бұл бастамаға қарсы тұруға шақырды. Бұл Трамп әкімшілігі мен Сауд билігі арасындағы сирек кездесетін келіспеушіліктің бірі болды. Аталған мәселеге қатысты ақпараттарды The Wall Street Journal басылымы тарқатты.
Сәрсенбі күні Париждегі Қаржы іс-қимыл жөніндегі мақсаттық топтың (Financial Action Task Force) отырысында Құрама Штаттар терроризмді қаржыландыру мониторингінің тізімін өзгерту туралы шешім қабылдауға тырысты. Қаржылық іс-қимыл жөніндегі мақсаттық топ – барлық елдерде терроризмді қаржыландыру және ақшаны жылыстатумен күресуді бақылайтын құпия халықаралық орган.
АҚШ кездесу отырысында Пәкістанның бұл тізімге кіру бастамасын ең кеш болғанда осы аптаның соңына дейін аяқтауды ұсынды. Пәкістан қазір мүше елдерден қолдау іздестіруде.
Трамп үкіметі Пәкістанның терроризмге қарсы күрестегі бейтарап әлсіздігіне наразы болып келеді. Сондықтан да өткен айда АҚШ Пәкістанға 2 млрд АҚШ доллар беріп, терроризмге қарсы күресу қаблетін арттыруға жәрдемдесетінін жариялаған.
Бұдан сырт, АҚШ ресми тұлғалары Пәкістанды кейбір жихадтық топтарға қолдау береді деп айыптайды. Олар аталған топтарды қару-жарақпен және қаржылай қолдап, Үндістан мен Ауғанстан жеріне жіберетінін айтады.
Пәкістан тарабы бұл айтылғандарды теріске шығарып келеді. Олар ел аумағында террористердің тұрағы жоқ деген уәж айтады. 2015 жылы Пәкістан Йемендегі соғысқа араласқаннан бастап, біртіндеп Парсы шығанағы аумағындағы әскери қимылдарын кеңейте бастаған.