Барлық қазақстандықтарға белгілі болғандай, отандасымыз Димаш Құдайбергенов Қытайда өтіп жатқан «Әнші» жобасының беташар таратылымында жоғары нәтиже көрсетті. Алғашқы орындаған әнімен-ақ бір күнде танымал жұлдызға айналып шыға келді. Сайтымыз алғаш болып, оның бірінші түсірілімін Қазақстан жұртшылығына жеткізді. Барлық қазақстандықтармен бірге, жобаның екінші айналымын апта бойы асыға күттік.
Қытай Хунан провинциясының телеканалында таратылып жатқан жобаның екінші айналымы бүгін Бейжің уақытымен 22:15 мөлшерінде басталды. (Астана уақытымен 20:15) Кезекті ән бәсекесінен бұрын, Димаш туралы арнайы бейне сюжет таратты. Онда Димаштың жобадағы жарқын жұлдыз екенін анық көрсетіпті. Алғашқы айналымның алтын белгісін алған Димаштың, ата-анасына, отбасына бұл қуанышын онлайн қоңырау арқылы жеткізгенін де назарынан қағыс қалдырмапты. Бірінші айналым аяқталғаннан кейінгі, күту бөлмесіне алтын белгі алып кірген Димашты әріптестерінің құшақ жая қарсы алғанын байқадық.
Екінші айналымда Димаштың алдын-ала дайындаған әні рұқсатсыз таратылып кеткендіктен, оған жаңа әнге дайындалу тапсырылыпты. Жобада Димашпен жұмыс жасаған мамандар оған Витастсың «Опера 2» әнін сынап көруге ұсыныс берген. Ал Димаш болса бұл әнге өзінің бұрыннан сыралғы екенін, тіпті Витастан екі дыбыс жоғары айта алатынын жеткізгенде, қытай мамандардың есі шығып кетсе керек. Сонымен екінші айналымға Димаштың орындауындағы «Опера 2» әні тағы бір мәрте Қытайды сілкіп алыпты.
Тіпті, ол дауысын бірте бірте жоғарыға көтеріп, әуезін әуеде қалықтатқандай ұстап тұрғанда, қытайлық көрермендер орнынан өре тұрып, бармақтарын көрсетті. Сүйініш пен таңданыс олардың жүзінен айқын білініп тұрды. Бұл жолы Димаштың әнін көрермендер арасында әкесі Қанат Айтбаев та тыңдады. Ұлына разы болған әкенің жүзінде мақтаныш пен сүйініш қатар білінеді.
Айта кетейік, Витас «Опера 2» әнімен көп жыл бұрын Қытайға ең танымал шетелдік өнержұлдызы болып еді. Димаштың әнінен кейін олар Витасты ұмытып кетуі әбден мүмкін.
Жарайсың Димаш!
“The Qazaq Times”