Венесуэладағы қауіпсіздік қызметі өзінің қатарына жұмысшыларды қосуға "ынталандыратын" тәсіл ойлап тапты, - деп хабарлайды Al Jazeera ақпарат агенттігі.
10 АҚШ доллары көлеміндегі айлық жалақыға "ынталандыратын" тәсілге сай, енді 144 жұмыртқа қосып беріледі.
Мысалы Зула (Zulia) штатындағы "Atlas Security" компаниясы жұмысқа кешікпей келіп, кәсіби және көрнекті сыртқы келбетін сақтайтын қызметкерге айлықпен бірге жұмыртқа беретін көрінеді.
Компанияның мұндай әрекетке баруындағы басты мақсат - азық-түлік тапшылығы кесірінен апталық жұмыртқа себеті (36 жұмыртқа) жетпейтін адамдарды қосымша азықпен қамтамасыз ету. Себебі қазір қара нарықтағы жұмыртқа шамамен 2 АҚШ доллары тұрады.
"Atlas Security" компаниясының персонал бойынша менеджері Синди Фуэйнмайор (Cindy Fuenmayor): "Осы жарнаманы жариялағалы бері өтініштер көптеп келе бастады. Біз өз саламыздағы новаторлармыз, бұл расымен тиімді шара деп ойлаймыз", - дейді.
Менеджердің айтуынша, аталған компанияда 200-ге жуық бос жұмыс орны бар (көбі фермерлік шаруашылықтарды күзетуге байланысты).
"Ынталандыру" шарасына кейбір азық-түлік пен жол шығыны кіреді. Ал бұл гиперинфляцияны бастан өткізіп жатқан ел тұрғындары үшін өте үлкен көмек.
Елдегі валюта нарығы құлдырап, қара нарықтағы орташа жалақы көлемі 14 АҚШ долларын құрап отыр. Әлемдегі ең көп адам өлімі осында тіркелген, ал қауіпсіздік қызметкерлері көбіне шабуылдардың құрбаны болуда.
Венесуэла президенті Николас Мадуро (Nicolas Maduro) елдің қазіргі жағдайын АҚШ тарапынан жүргізілген "экономикалық соғыс" салдары деп ойлайды. Дегенмен, сыншылардың пікірінше, президент үкіметі елдің экономикасын жемқорлық пен біліксіз мамандар көмегімен әлсіретті.