АҚШ, Оңтүстік Корея және Жапония үкіметтерінің мәліметінше, Солтүстік Корея сол елдің уақытымен сәрсенбінің таңында, қауіпті құрлықаралық баллистикалық зымыран ұшырған. Түбектің солтүстігінен көтерілген зымыран Жапон теңізіне барып құлаған. Бұл зымыран сынағы Солтүстік Кореяның екі айдан астам уақыт тыныштығын бұзып, АҚШ пен КХДР арасындағы шиеленісті ушықтыра түсуі мүмкін. Осы туралы хабарды «WSJ» басылымы ресми сайтында таратты.

Тәуелсіз сарапшылардың пікірінше, зымыран траекториясынан алып қарағанда, оның нысанасы Уашингтон болуы мүмкін. КХДР-ның бұл қадамына Оңтүстік Корея қатаң реакция білдіріп, сынақ зымырандарын ұшырды.

АҚШ президенті осыдан бірер апта бұрын ғана Шығыс Азия елдерінде сапарда болған еді. Ол сапарынан кейін Солтүстік Кореяны террористік ел ретінде қарауға шешім шығарған болатын. Ол сейсенбі күні журналистерге берген сұхбатында Солтүстік Кореяның зымырандары туралы айтқан. Ол АҚШ бұл мәселені шеше алады деп уәде берді, бірақ қандай нақты іс-қимыл алып баратыны туралы ашып айтпаған болатын.

КХДР-ның кезекті зымыраны сол жердің жергілікті уақытымен сәрсенбінің таңында, 2 сағат 47 минут шамасында (Астана уақытымен 00:07 мин шамасында), орталық қаласы Пиоңяңнан (Пхеньян) солтүстікке қарай 20 ағылшын миль қашықтықта ұшырылған. Пентагон бұл зымыранды құрлықаралық баллистикалық зымыран деп анықтады. Зымыран 620 миль қашықтыққа дейін ұшып, Жапон теңізі аумағындағы Жапонияның ерекеше экономикалық аймағына  құлаған.

Айта кетейік, енді БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Солтүстік Кореяның кезекті зымыран сынағын тақырып еткен шұғыл түрдегі отырысын өткізбек.

“The Qazaq Times”