Ливан Президенті Мишел Аун Сауд Арабиясын өз елінің Премьер-министрі Саад Харириді заңсыз ұстап отыр деп айыптады. 4 қараша күні Ливанның Премьер-министрі қызметін атқарып келген Саад Харири Риядтағы сапары кезінде өзінің отставкаға кететінін хабарлап, сонан бері елге оралмаған. Құзыретті тұлғаның өз лауазымынан бас тарту туралы шешімін шет елде жүріп сырттай хабарлауына болмайтынын айтқан Президент Сауд Арабиясы Саад Хариридің еркіндігін шектеп отыр деп есептейді.
Ливан Президенті Мишел Аун: "Премьер-министрдің 12 күн бойы елге оралмауы күдікті. Сауд Арабиясы оны зорлықпен ұстап отырған болуы мүмкін. Бұл Вена Конвенциясының Адам құқықтары жөніндегі баптарына қайшы", - деген мәлімдеме жасады. Өз кезегінде Сауд Арабиясы тағылған айыптардан толықтай бас тартып, Саад Хариридің еркінен тыс ешқандай әрекет болмағанын айтты.
Саад Харири өзінің твиттердегі парақшасы арқылы Ливан Президентіне жақында оралатынын және халі жақсы екенін жеткізді. Франция Президенті Эмануэль Макрон Ливанның бұрынғы Премьер-министрі мен оның отбасын өз еліне шақырды. Франция билігінің баспасөз қызметі мемлекет басшысы Саад Хариримен және Сауд Арабиясының әмірі Мұхаммед бин Салманмен телефон арқылы сөйлескеннен кейін, жақын күндері Ливанның Риядтан оралмаған Премьері Парижге келетіні туралы ақпарат таратты.
Саад Харири жексенбі күні Риядтағы телеарналардың біріне берген сұхбатында, Ливаннан өз өмірін сақтау үшін кеткенін айтып, Сауд Арабиясында еркін тұрып жатқанын айтқан. Оның сөзін Премьердің партиялас серігі де растап, оның тұтқынға алынбағанын жариялады.