Кашмирдың Үндістанның бақылауындағы Шринагар аймағында 2 мың 80 жерленген мәйіттердің тегі белгісіз. Осы өңірдегі Адам құқықтары жөніндегі үкіметтік емес ұйым жергілікті биліктен қаза болған азаматтардың денесін тексеріп, олардың арасында Үндістан мен Пәкістан арасындағы ондаған жылдарға созылған қақтығыстар кезінде із-түзсіз жоғалған 8 мың адамның қатарындағылар жоқтығына көз жеткізуді талап етті. Бұл туралы Әл-Жазира ақпараттық агенттігі жазды.
Кашмирдегі жоғалған азаматтардың ата-аналарынан құралған қауымдастық Үндістан мен Пәкістан арасындағы жүргізілген бөлініс сызығының бойынан 3 мың 844 белгісіз мола табылғанын хабарлаған. Адам құқықтары жөніндегі ұйым Үкіметтің көмегінсіз осындай 53 жерлеу орнын қазып, денені эксгумациялау нәтижесінде қаза тапқандардың 49-ы бейбіт тұрғын екені анықталғанын жеткізді. Олардың қатарында жергілікті әскери қызметкер де болған. Қоғам белсенділерінің мәліметінше, Кашмир билігі бұл адамдарды шетелдік әскери күштердің өкілдері деп жерлеген.
Үкіметтің адам шығынын жасырып қалуға тырысатын әрекеттері Адам құқықтары жөніндегі ұйым тарапынан қатаң сынға алынды. Олар белгісіз молаларды қазып, жерленгендердің тегін анықтау жақынынан қол үзіп, әлі күнге өлі-тірісін біле алмай отырған көп отбасының негізгі сұрақтарына жауап алуға көмектеседі деп есептейді. Осыдан бұрын Үндістан иелігіндегі Кашмир билігі жоғалған жастарды қарулы қақтығысқа жаттығу үшін Пәкістан тарапына қарай шекара асып кеткен болуы мүмкін деген болжам айтқан болатын.
Кашмирді бөліске сала алмаған Үндістан мен Пәкістан арасындағы территориялық дау бұрыннан жалғасып келеді. Үндістанның қарауындағы Кашмир аумағында құрылған басқыншылар тобы 1989 жылдан бері тәуелсіздік үшін күресіп келеді. Үндістанның 500 мыңға жуық әскері орналасқан өңірдегі қақтығыстар әсерінен бүгінге дейін 70 мың адам қаза тапқан.