Азия халық саны ең көп саналатын құрлық. Әлемде халық саны миллиардтан асатын Қытай мен Үндістан елдері де осы Азия құрлығында. Қытай мен Үндістанды тау басына тұнған алып көл деп елестетуге болады. Егер бұл көлдің ернеуі ағытылар болса, бұл Азияға ғана емес, тұтас әлемге үлкен толқу болатыны анық. Соңғы жылдарда еліміздің ақпарат құралдары көршілес Қытай қоғамына көптеп назар аударып келді. Ондағы әлеуметтік, экономикалық проблемалардың елімізге тигізуі мүмкін әсерлері туралы барынша талдаулар жасап отырды. Алайда, біз Қытаймен салмағы бірдей болған үнді жұртын да назардан тыс қалдырмауға тиіспіз.
Халық саны 1,3 млрд-тан асатын Үндістанның әлеуметтік жағдайы тым төмен. Үкіметтері жақында ғана ашаршылыққа қарсы мемлекеттік бағдарлама қабылдады. Тіпті әлемнің сан түрлі мәдениеті мен өркениеті, тілі мен діні, ұлты мен нәсілдері топтасқан осы елде бүгінгі күннің өзінде 300 миллионнан астам адам электр жарығынсыз күн кешіп отыр. Бұл мәселені шешу үшін, қыркүйек айында елдің премьер-министрі Нарендра Моди құны 16,6 млрд АҚШ долларына бағаланған бағдарламаны қабылдағанын жариялады. Сол арқылы 300 млн адамды XXI ғасырда ғана электр жарығына жеткізуге тырысатын болды.
Үндістан үкіметінің сараптау органдары көрсеткен мәліметке жүгінсек, 304 млн адам жарықсыз өмір сүріп келеді. Бұл ел халық санының 23 пайызын, ал әлемдегі электр қуаты жеткізілмеген халықтың 25 пайызын ұстайды. Бұның басым көбі ауылды жерлерде. Аталған елде жарық жеткізілмеген 18 мың 452 ауыл бар. Тіпті Үндістанда жарықсыз шағын қалаларда бар екені мәлім болып отыр.
Бұлар Үндістандағы әлеуметтік мәселелердің тек бір ғана жағы. Егер Үндістанның әлеуметтік проблемаларының ең басты дегендерін санасақ та оннан асып жығылады. Соның бірі ұқсамаған ұлттар мен мәдениеттер, діндер арасындағы тартыстың күшеюі. Бұл мәселе Үндістанда орта ғасырдан бері бар. Шыңғыс қаған, Әмір Темір, Бабыр замандарынан бастап орта Азиядан одан бұрын соңды Үндістанға шапқыншылықпен барған барлық елдер сол мекенде түрлі мәдениеттер мен ұлттарды, 1000-нан аса тілді қалыптастырды. Бұларға кейінгі Англия отарлауын қосыңыз. Статистикалық мәліметтердің көрсеткеніндей, Үндістанда дінге сенбейтіндердің саны 1 пайызға да жетпейді.
Үндістанның мол халық саны бола тұра ондағы жұмысқа жарамды еңбек күші Қытайдың жартысына тура келеді. Айталық осыдан он жыл бұрынғы санаққа үңілер болсақ, Қытайда 770 млн адам жарамды еңбек күші болып есептелсе, сол уақытта Үндістанда бұл көрсеткіш 410 млн адамды құраған.
Үндістанда ауыл шаруашылық толықтай дамып кетпеген. Соның салдарынан елдегі азық-түлік қауіпсіздік мәселесі жыл сайын үкіметтің басты шешуге тиісті мәселесіне айналып келеді. Бұған қоса елдегі 270 млн адам индуизм әсерінен мал етін тұтынбайды. Ауыл шаруашылық дақылдарын өндіру көп халықты толық қамдап кете алмауына бір себеп осы.
Үндістан жерінің географиялық орналасуы да күн өткен сайын елдегі халыққа тиімсіз болып барады. Айталық, Үндістан 2050 жылдарға барғанда адам тіршілік етуіне үйлесімсіз бола бастайды. Елдің тек солтүстік өңірлерінде ғана төрт маусымға анық бөлінеді. Оңтүстігі тропикалық белдеуге жақын болғандықтан, дымқыл-ыстық ауа ағыстарына көбірек шарпылады. Тіпті БҰҰ таратқан мәліметте Жер шары климатының жылынуы ең алдымен Оңтүстік Азиядан бастап кері әсерін көрсететіні айтылған. Бұл ғасырымыздың соңында Үндістан топырағында адам өмір сүруіне мүмкін болмайтынын білдіреді.
Қаптаған қалың проблемалардың бірі - ел территориясының тарлығы. Миллиардтан аса халық жасап отырған Үндістан территориясы 3 млн 287 мың 500 шаршы шақырым. Егер таластағы Кашмир аймағын қоспағанда Қазақстан территориясынан сәл-ақ асады. Міне осы аталған және аталмай қалған түрлі мәселелер үнді халқының «Ұлы қоныс аударуын» туындатуы ғажап емес. Ал Қытай мен Үндістанға біршама жақын, оның үстіне халық саны сирек орналасқан Орталық Азия, соның ішінде Қазақстан бұл елдердегі халықтар үшін кең өрістей көрінері айдан анық. Алыс-жақын құрылықтардағы елдердің ішкі мәселелеріне зер сала қарап, сақ жүру мәңгілік елдің күн тәртібінен қалмауға тиіс.