Бүгін БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі Сүриядағы химиялық қару қолданысына қатысты зерттеуді кеңейтілген деңгейде жүргізуге байланысты ұсынысты дауысқа салады. Сарапшылардың айтуынша, Башар Асад Үкіметінің қолдаушысы Ресей бұл резолюцияға вето қоюы мүмкін. Бұл туралы APF ақпараттық агенттігі жазды. 

Өткен айда БҰҰ-ның соғыс барысында  жасалған қылмыс бойынша зерттеушілері "Хан-Шейхунда болған  шабуылдың артында Сүрия әскері тұр" деген мәлімдеме жасаған болатын. Дамаск бұл айыптауларды жоққа шығарды.  Ұлыбритания, Франция және АҚШ Башар Асад Үкіметін оппозиция бекінген ауылға қарсы қару қолдану фактісіне кінәлап отыр. Бұл шабуыл барысында 87 бейбіт тұрғын, оның ішінде 30 бала қаза тапқан болатын.

Осыған дейін Сүрия басшылығының 2014-2015 жылдары 3 ауылда химиялық қару қолданғаны белгілі болған еді. Осыған орай АҚШ, Ұлбыритания мен Францияның ақпан айында Сүрияның өкілетті тұлғаларына қарсы санкция енгізу туралы шешіміне Ресей мен Қытай вето қойып тастады.

Ресей тарапынан Михаил Ульянов Хан-Шейхундағы улы газ шабуылы Сүрияның әуе күштерінен емес, жерге тасталған жарылғыш заттан болуы мүмкін деген болжам айтып, Ресей нақты шешім қабылдау үшін барлық дәлелдерді мұқият қарап шығуы керек деген болатын. АҚШ-тың БҰҰ-дағы өкілі Никки Хейли Хан-Шейхунда химиялық қару қолданылғаны туралы 60 түрлі нұсқа бар екенін айтып: "БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінде бар мемлекет, не ұйымға мүлде кірмейтін мемлекет болсын, ол жерде химиялық қарудың қолданылуы әлем тарапынан  қатаң сыналу керек", - деп ескертті.

“The Qazaq Times”