Иранның Президенті Хасан Рухани АҚШ-тың Президенті Дональд Трамптың соңғы мәлімдемесіне қатысты пікір білдіріп, Иран ядролық келісімде, мемлекеттік мүдделеріне сәйкес болса, қалағанынша қала беретінін хабарлады. Бұл туралы Әл-Жазира ақпараттық агенттігі жазды.
"Біздің Дональд Трамптан естігеніміз жаңалық емес, бұрыннан қайталанып келе жатқан негізсіз айыптаулар мен дәлелсіз агрессия", - деген Хасан Рухани Трампқа жеке бағытталған сәлемдемесінде иран халқы АҚШ Президентінен мұнан артық дүниені күтпейтінін хабарлады.
Сондай-ақ Хасан Рухани: "Дональд Трамп халықаралық заңдарды оқымаған. Оқыған болса, көпжақты келісімдерді бір ғана адам бұза алмайтынын білер еді. Бұл Иран мен АҚШ арасындағы ғана келісім емес", - деді.
Хасан Руханидің "Иран АҚШ-тың қолдауына арқа сүйеп, өз тарихында мүлдей сайлау көрмеген диктаторлық мемлекет емес" деген сөздері Американың жақын әріптесі Сауд Арабиясын нысанаға алған сияқты.
АҚШ Президентінің "Иран терроризмді қолдап отыр" деген айыптауларына Хасан Рухани Американың Ауғаныстан, Вьетнам мен Ирактағы соғыстарға себепсіз араласқанын алға тартып, жауап берді. Сондай-ақ АҚШ-тың 1953 жылы Иранда демократиялық жолмен сайланған Үкіметтен билікті тартып алу ісіне қатысын әшкерелеп, 1988 жылы 290 Иран азаматының өліміне себепкер болған жолаушы ұшағын АҚШ-тың әуе күштері атып түсіргенін айтты.