Қытайдағы «Әнші» тележобасына қатысып жатқан жас әнші Димаш Құдайбергенов сол елдің ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерінде танымал бола бастады. Қытайдың универсал сайтындағы хабарға сүйенсек Димаш тележобадағы алғашқы түсірілімінен-ақ, жұртты өзіне жалт қаратқан.
Қытайдың “Xin Lang” универсал сайтының мәдениет тақырыбы бетінде Димаш туралы ақпараттардың күн сайын жаңаланып тұратынын байқадық. Сол ақпараттарға шолу жасағанда, қазақ әншісінің Қытай елінде үлкен аңыс тудырып, әлеуметтік желілерде танымал бола бастағанына куә болдық.
“Xin Lang” сайтынан байқаған ақпаратымыз төмендегідей:
Жалпы жобаға «халықаралық» ат беріп тұрған бір ғана Димаш болса керек. Себебі, жобаға Қытай Гонконгынан Ду Лиша атты қатысушы мен Димаштан өзгесі түгел қытайлық өнерпаздар. Димаш қытайлармен алғашқы жүздесуінде француздың «S.O.S D‘un teerien en detresse» атты әнін талдаған. Бұл ән француздың орындауға аса қиын бес әнінің бірі екенін де айтыпты. Димаш алғашқы айналымда-ақ әнді сәтті орындап, кәсіби мамандардың таңдайын қақтырған. Оның алғашқы түсірілім үшін талдаған әнінен-ақ, оның өзіне деген сенімі анық көрінеді деген пікірлерді де кездестірдік.
Жобадағы Сон Қы және Шан Қы қатарлы кәсіби мамандар Димашты жобаға қатысқандар арасындағы теңдессіз әнші деп бағалаған. Олардың айтуынша, Димаш бұл реткі ән орындау барысында колоратуралық, еркін вокалды, кең тынысты өз әуезімен қатар dolphins дыбыстарын жақсы меңгергендігін анық байқатқан. Тіпті, жоба мамандары мен қатысушыларынан «Тәңір өзі назарына алған жас әнші, ондай дауыс менде де болса деп армандаудың қажеті жоқ, ол оған Құдайдың берген сыйы» деген марапаттау сөздеріне де ие болып үлгеріпті.
Димаш Қытайдағы ресми ақпараттармен бірге, әлеуметтік желіде де қытайлықтарды тамсандырғанын жазыпты. Әлеуметтік желілерде ол турлы алқаулар көбірек кездеседі. Қытай қыздары Димашты ұзын бойлы, келбетті, жігіттің сарасы деп мақтап жатса керек. Кей сайттарда «Ақ боз атты ханзада келді, бұл қыздарға жаңа таңдау орайы» деген жазбалар да кездесті. Қазақстан мен Ресейден қолдаушылары көп, ал Қытайдағы негізгі қолдаушылары Шынжаң қазақтары деген талдаулар да бар.
Түсірілім әлі де телеарналарда таратылып үлгермепті. Қытай сайттарындағы пікірлерге қарағанда «Әнші» жобасы телеарналарға таратылғаннан кейін, Димаштың қолдаушылары тіпті де арта түспек. Онлайн дауыс беру арқылы өтетін жарыс түрінде Димаш өзінің келісті түр-келбеті, жағымды дауысы, адамды баурағыштығымен қолдаушылар жинауы мүмкін делінген.
Қытайлық сайттар Димашқа қатысты ақпараттарды жинау барысында оның әлеуметтік желі парақшаларында қалдырмай қадағалап үлгеріпті. Аталмыш сайытта «Димаш өзін өнерпаз ретінде жақсы баулығаны оның әлеуметтік желілерінен байқалады. Instagram парақшасында тек отбасы, өнердегі достары ғана бар. Егер жеңілтек жігіт болса ендігі қытайлық қыздармен танысқанын жариялап үлгірер еді» деген сөздер кездеседі.
Қытайдағы көзқарақты адамдардың айтысына қарағанда «Әнші» жобасы халықаралық деңгейде емес, тек Димаш Құдайбергеновтың қатысуы ғана оны халықаралық жоба атандырып отыр. Онда қатысып жатқан қытайлық әншілердің бәрі танымал бола қоймаған жас әншілер. Димаш болса талай халықаралық конкурстарды көрген. Бұл жоба оның шанағына тар келеді деген пікірлерін де айтты.
Мейлі қалай болса да, талантты отандасымыз Димаштың миллиард қытайдың арасындағы әр қадамының сәтті болуына, Қазақстанның абырой-беделін көтеріп қайтуына тілектеспіз! Димаш жарайсың!
"The Qazaq Times"