IX-X ғасырларда Қазақстан жерінде өмір сүрген оғыздар Сырдарияның орта ағысынан Еділдің төменгі бойына дейінгі аралықты мекендеген. Оңтүстікте Хорезммен, Мауераннахрмен және Хорасанмен шектесті. Батыс Түрік және Түркеш қағандықтары құлағаннан кейінгі тайпалар арасындағы өзара күрес пен Қарлұқ қағандығының құрылуына байланысты Батыс Жетісу жерін мекендеген оғыз тайпалары VIII ғасырда бұл өңірден көше бастады. IX ғасырдың бас кезінде оғыздар қимақтармен және қарлұқтармен одақтасып, қанғар-печенег бірлестігін талқандап, Сырдарияның орта және төменгі ағысы алқабы мен Арал өңірін қаратып алды. IX ғасырдың соңында Арал өңірінің солтүстік жағындағы саяси үстемдікті қолына алған оғыз көсемдері хазарлармен одақ құрып, печенегтерге қайта соққы беріп, Еділ мен Жайық өзендерінің аралығын иеленді. X ғасырда Оғыз мемлекетінің астанасы болған Жаңакент қаласы (Янгикент немесе Жаңа Гузия) Еуропа мен Азияны жалғастыратын маңызды керуен жолы торабына орналасты. Жаңакент арқылы маңызды керуен жолдары қимақтар еліне, Хорезм мен Мауераннахрға өтті. Оғыз мемлекетінің жоғары билеушісі “жабғу” (ябгу) деп аталды. Олардың “күл-еркіндер” деген кеңесшілері болды. Жабғу ресми түрде сайланып қойылғанымен, билік атадан балаға мұраға қалып отырды. Дегенмен, басқарудың әскери-демократиялық түрі сақталғандықтан, жабғудың билігі тайпа көсемдері кеңесімен шектелді. Мемлекетте тұрақты алым-салық жүйесі болды. Оғыз мемлекеті Еуразияның саяси, әскери тарихында маңызды рөл атқарды. 965 ж. Оғыз жабғуы мен Киев князі Святославтың арасында хазарларға қарсы әскери одақ жасалып, нәтижесінде Хазар қағандығы талқандалды. Хазар қағандығының құлауы Оғыз мемлекетінің саяси қуатының өсуіне себепші болды. X ғасырдың аяғында оғыз жабғулары Киев князьдерімен біріге отырып, Еділ бұлғарларын күйрете жеңді. Бірақ XI ғасырдың басында Оғыз мемлекетінде ішкі саяси-әлеуметтік қайшылықтар туып, әлсірей бастады. Бұл жағдайды Жент маңына X ғасырдың орта кезінде келіп қоныстанған салжұқтар пайдаланды. Салжұқтар Жент қаласын басып алғанымен, ұзақ уақыт ұстап тұра алмай, кетуге мәжбүр болды. Көп ұзамай оғыздар қайта күшейіп, 1041 ж. Хорезмді басып алады. Алайда 2 жылдан кейін оғыз жабғуларының соңғысы Шаһмәлік салжұқтардың қолына түсіп өлтіріледі. Салжұқтарға қарсы ұзақ жылдар жүргізілген соғыстар мен қақтығыстар Оғыз мемлекетін іштей әлсіретіп, ол қыпшақ тайпаларының соққысынан біржолата құлады. Оғыздардың бір бөлігі Шығыс Еуропаға, Кіші Азияға кетті, енді біразы Мауераннахрдағы Қарахан әулетінің және Хорасандағы салжұқ билеушілерінің қол астына көшті. Қалған-
дары XI ғасырдың ортасында Дешті Қыпшақтың түркі тілдес тайпаларына бірте-бірте сіңісіп кетті. Оғыздар көшпелі мал шаруашылығымен айна-
лысты, Сырдария алқабында дәнді дақыл егіп, бау-бақша өсірді. Олардың көпшілігі отқа табынушылар болды. Сонымен бірге оғыздар арасында бірте-бірте ислам діні тарай бастады. Сырдария алқабындағы, Арал теңізі, Каспий теңізінің солтүстігіндегі жерлерді мекендеген оғыз тайпалары қазақтардың этникалық тарихында елеулі рөл атқарды. Тарихи аңыздарда олар қазақ, түрікмен, өзбек, қарақалпақ халықтары аталарының бірі саналады.
Дереккөз: “Балалар энциклопедиясы”