Бүгін таңертең АҚШ Мемлекеттік департаментінің жоғары лауазымдыларының бірі мемлекеттің жақын арада қытайлық тұлғаларға қарата жаңа санкция жариялайтынын айтты. Себебі олар БҰҰ-ның Солтүстік Кореяға бағыттаған санкциясын бұзған. Бұл туралы «The Wall Street Journal» басылымы хабарлап отыр.

Аталған санкция туралы АҚШ Мемлекеттік департаментінің Шығыс Азия істері жөніндегі көмекшісінің міндетін атқарушы Сьюзан Торнтон АҚШ Конгресі өкілдерінің кіші отырысында мәлім етті. Оның мәліметінде АҚШ Қазына департаменті көп ұзамай Ким Жоң Ун (Ким Чен Ын/Kim Jong Un) режиміне қолдау танытқан қытайлық тұлғаларға санкция салмақ. Себебі, АҚШ үкіметі санкция қарауындағы қытайлық жеке тұлғалар мен кәсіпорындар БҰҰ-ның КХДР-ға бағыттаған қарарын бұзған деп қарайды. Сонымен бірге, бұл тұлғаларға Қытай үкіметі нақты шара қолданбай отырғанын алға тартты.

Америка Құрама Штаттары 4 шілдедегі Солтүстік Кореяның баллистикалық зымыран сынағы сәтті аяқталғаннан кейін, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Солтүстік Корея қарсы жаңа санкциялар бекітуге шақырды. Себебі, сол реткі сынақ арқылы Солтүстік Корея өзінің ядролық қаруын АҚШ территориясына, қала берді Аляскаға жеткізе алатынын дәлелдеді.

Ал, қытайлық компаниялар мен жеке тұлғалардың санкция қарауына ілінетіні де түсінікті жағдай. Осыған дейін АҚШ Қазына департаменті жариялаған мәліметте Қытайдың кейбір банктері мен компаниялары Солтүстік Корея қару-жарақ тасымалдаушы, сатушы компанияларының ақша жымқыру және қару тасымалдау істеріне көмек көрсеткен деп айыптаған болатын.

“The Qazaq Times”