АҚШ үкіметінің баспасөз хатшысы Шон Спайсер отставкаға кетті, деп хабарлайды Ақүй баспасөз қызметі.
Жергілікті БАҚ өкілдерінің мәліметінше, Шон Спайсер отставкаға Дональд Трамп қоғаммен байланыс қызметінің басшылығына Энтони Скарамуччиді тағайындағаннан кейін кеткен. Ол Скарамуччидің бұл қызметке келуіне қарсы болған.
Бір қызығы Шон Спайсердің отставкаға кетуі АҚШ Конгрессі мен Заң министрлігінің Трамп айналасындағылардың Ресеймен байланысын тексеруімен тұспа-тұс келген.
Бұған дейін Спайсер халыққа дұрыс хабар жеткізбегені үшін бірнеше рет үлкен дауға қалған болатын.
Шілденің 21-і күні таңғы сағат 10-да Дональд Трамп Энтони Скарамуччиді Қоғаммен байланыс қызметінің басшылығына тағайындағаннан кейін, 30 минуттан соң Спайсер өзінің отставкаға кететіндігі жайында мәлімдеме жасаған. Ол өзінің твиттер парақшасына: "Мен үшін мынандай таңғажайып елдің президентіне қызмет ету үлкен мәртебе. Мен өз қызметімді тамыз айына дейін жалғастырамын" - деп жазған.