«Америкалық азаматтық бостандық одағы» құқықтық ұйымы (ACLU) АҚШ Президенті Дональд Трампты, вице президент Майк Пенс пен мемлекет басшысы құрған әділетті сайлау бойынша комиссияны сотқа берді.
Аталған ұйым Президент және оның жарлығымен әрекет етушілерді АҚШ-та өткен президент сайлауына қатысты зерттеулердің ашық түрде жүргізілмегендігіне және бірқатар заңнамалардың бұзылғанына наразы.
Естеріңізге сала кетейік, осыдан бұрын АҚШ Президенті Дональд Трамп сайлау кезінде өте көп заңбұзушылықтар мен әділетсіздіктер болды деп, президенттік қызметіне кіріскеннен кейін, жіті зерттеу жүргізіп, кінәлілерді анықтауға уәде еткен болатын. Тіпті, «Хилари Клинтонға миллионға жуық босқындардың даусы берілген, оларды мүлде есепке алмау керек» деген еді.
Трамптың бастамасымен құрылған «Әділетті сайлау бойынша комиссия» осы олқылықтарды тексеріп, ақ-қарасын ажыратады деп күтілгенімен, әлі күнге ашық мәліметтер не деректер қоғам назарына ұсынылмай отыр. ACLU ұйымы осы мәселені алға тартып, Президенттен өзі берген уәдені орындауды талап етті.
Жалпы, Дональд Трамп президент атанған аз уақыттың ішінде өзінің алдында қызметте болған АҚШ Президенттерімен салыстырғанда, 3 есе көп сотқа шақырылған. Boston Globe басылымының зерттеуіне сүйенсек, Дональд Трамптың атына АҚШ Президенті лауазымындағы алғашқы 100 күнде-ақ 134 шағым түссе, мұндай көрсеткіш Барак Обаманың бүкіл қызмет жылдарында небәрі 26-ны құрайды. Одан алдыңғы президенттер Билл Клинтон 15 рет, Джордж Буш 7 рет сот мінберінен көрінген.