ОПЕК елдерінде өндірілген мұнай көлемі бір ғана маусым айында 260 мың баррельге артқан. Бұл - ағымдағы жылы тіркелген ең үлкен көрсеткіш, деп хабарлайды Bloomberg.
Әлемдік мұнай нарығында алаңдаушылық тудырған өсімнің жартысы Ливия мен Нигерияға тиесілі. Ливияда 2017 жылдың басында тәулігіне 690 мың баррель мұнай өндірілсе, енді бұл көрсеткіш миллион баррельден асып отыр. 2016 жылы 30 қарашада ОПЕК елдері мұнайдың тәуліктік өндіріс көлемін 1,2 млн баррельге, ал ұйымға мүше емес өзге мемлекеттер 558 мың баррельге қысқарту туралы келісімге қол қойған болатын. Атап өту керек, бұл міндеттемені қабылдаған елдердің қатарында Ливия мен Нигерия жоқ.
Аталған келісім күшіне енгеннен кейін, 2017 жылы Brent сапасындағы мұнай бағасы көтеріліп, 58 долларға тұрақтады. Дегенмен келісім үстеліне отырған Сауд Арабиясы бұрынғы межеден тәулігіне 90 мың, Ангола мен Біріккен Араб Әмірліктері 40 мың баррельге артық мұнай өндіре бастауы әлемдік нарықтағы қара алтын құнының 4 шілдеде тіркелген дерек бойынша 49,5 долларға түсуіне себеп болды.
Тағы бір маңызды дерек, ОПЕК елдерінен тұратын мұнай өндіруші негізгі картельдің құрамына осы жылдың мамыр айында Экваториальды Гвинеяның қабылдануы ұйымның жалпы өндіріс көлемін 150 мың баррельге арттырған.