Жақында ғана Солтүстік Корея түрмеден шығарған америкалық студент Отто Вомбиер дүйсенбі күні көз жұмды. Вомбиер осыған дейін Солтүстік Кореяда бір жылдан аса уақыт қамақта болған. Өткен аптада ғана АҚШ тарабының сұратуымен қамақтан босатылып, еліне қайтарылған болатын. Вомбиер еліне жеткізілген кезде дәрігерлер оның миы қатты зақымдалғанын мәлімдеген. Бұл туралы «The Wall Street Journal» басылымы хабарлап отыр.
Вомбиердің ата-анасы және өзгеде туыстары баспасөз конференциясында, ұлдарының дүйсенбі күні түстен кейін (АҚШ жергілікті уақытымен) көз жұмғанын айтты. Цинциннати медициналық орталығының дәрігерлері берген мәліметінде Вомбиердің үлкен ми қызметі әлде қашан «өлген» делінген. Ал бұл дәрігерлер Вомбиерді осыдан алты күн бұрын АҚШ-қа жеткізілгеннен кейін емдеуге алған.
Отто Вомбиер АҚШ-тың Вирджиния университетінің студенті. Ол 2016 жылы қаңтарда Пиоңяң (Пхеньян) әуежайынан ұшқалы тұрған жерінде Солтүстік Корея үкіметі жағынан қолға алынған. Сот үкімі оған 15 жылдық қатаң түрдегі қамақ жазасын кескен. Оған "КХДР режиміне қарсы саяси үгіт насихат жүргізді" деп айып тағылған.
АҚШ президенті Дональд Трамп Вомбиердің отбасына көңіл айту хатын жіберді. Трамп бұл хатында: «Вомбиердің тағдыры мұндай режимдердің немесе адам құқығын аяқ асты ететін елдердің қолында жазықсыз қаза табатын мұндай қайғылы жағдайлардың қайталанбауы үшін, үкіметтің бұл мәселені қадағалауын нығайта түсетін болады», – деді. Сондай-ақ, ол бұл үшін Солтүстік Кореяға қатал айып тағатынын да айтып өткен.