Солтүстік Корея 15 жылға сотталған АҚШ азаматын бостандыққа шығарды.
«2016 жылдың қаңтар айында Солтүстік Корея аумағында 15 жылға сотталған 22 жасар америкалық студент Отто Уормбир бостандыққа шығып, елге қайтып келе жатыр.» - деді АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон 13 маусым күні журналистер алдында сөйлеген сөзінде.
Бұдан бөлек Тиллерсон Солтүстік Кореядан Уормбирді алып келуге мемлекеттік департаменттің көп күш салғанын, бұл атқарылған жұмыс тікелей Трамптың тапсырмасымен іске асырылғанын айтқан.
Ал The Washington Post басылымының мәліметінше, Уормбир бір жыл бойы Солтүстік Кореяда комада жатқан. Қазіргі уақытта АҚШ үкіметі оны туған жері Огайо штатындағы Цинциннати қаласына алып келген.