Пуэрто-Рико аралының халқы АҚШ-қа қосылғысы келеді деп хабарлайды ВВС ақпарат қызметі.

Пуэрто-Рико аралының тұрғындары ел аумағында өткен референдумда АҚШ-қа қосылғылары келетіндіктерін білдіріп дауыс берген. Референдумға арал халқының 23 пайызы қатысып, оның 97 пайызы АҚШ-қа 51 штат ретінде қосылуды қолдаған.

Пуэрто-Рикода АҚШ-қа қосылуға байланысты референдум осымен бесінші рет өтіп отыр. Бұған дейін дәл осындай референдум 2012 жылы өткізілген. Ол кезде ел халқының 60 пайызы АҚШ-қа қосылғылары келетіндерін білдіріп дауыс берген. Бірақ ол кезде де АҚШ Конгрессі Пуэрто-Рико халқының бұл шешіміне ешқандай жауап қатпаған болатын.

Пуэрто-Рико губернаторы Рикардо Росселлоның айтуынша елді экономикалық тығырықтан алып шығатын бір ғана жол бар. Ол АҚШ құрамына 51 штат болып қосылу.

Қазіргі таңда Пуэрто-Риконың сыртқы қарызы 72 млрд долларды құрайды.

“The Qazaq Times”