Маңғыстау облысында құны 20 млн долларды құрайтын күн электростанциясы салынады. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен жиналыста француздық ЕСМ Technologies компаниясы президентінің кеңесшісі Азат Бетекбаев мәлімдеді.
"Жасыл" деп аталатын энергетиканың пилоттық жобасы Маңғыстау облысының Шетпе ауылына салынады деп жоспарланып отыр. Жобаны жүзеге асыруға ауылдың 70-80 тұрғыны қатысады. Ал жұмыс істеуге маңғыстаулық 50-ге жуық адамды үйрету жоспарланған", — деп түсіндірді Азат Бетекбаев.
Маңғыстау облысының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және энергетика басқармасы мен ЕСМ Technologies компаниясы арасында жасалған меморандумға сәйкес, күннен қуат алатын 12 МВт-тық станция салу жоспарланған. Құрылыстың бірінші кезеңі үшін 20 млн доллар жұмсалатын болады.
Жобаға Франция, Қытай және Қазақстан қатысады. Технологияны француздықтар қамтамасыз ететін болса, құрылыс және инвестицияға Қытай елі жауапты.