Қытайдың Құлжа ауданында тұратын қандасымыз Роза Баймұратқызы кәсіпкерлікпен 2009 жылдан бері айналыса бастаған. Негізгі оқығаны медицина мамандығы екен. Бірақ, тәлейін бизнесте сынап көрмек болған қандасымыз өз ойға алған ісіне батыл кірісіпті.

«Іле газетінде» кәіспкер қыз туралы тілші Еркін Сұлтанұлының мақаласы жарияланды. Біз сондағы мәліметтерге сүйене отырып, қандасымыз жайлы шағын ақпарат ұсынбақпыз.

Тұсау кесер салтанаты. Фото: kazakh.ylxw.com.cn

2009 жылы жұбайы Жармұқаметпен ақылдасып, бизнес саласына бет бұрған Роза алдымен Құлжа ауданының орталығынан «Орда» киім дүкенін ашады. Іле кәсібін кеңейтіп, «Аялдама» музыка орталығы, «Аялдама» той салонын ашады. 2013 жылдан бастап, Қорғас шекарасына бет бұрып, Қазақстанның кондитерлік өнімдері мен өзге де ішпек-жемек заттарын саудалай бастайды. Оны Іле аймағының 8 аудан, бір қаласына сататын келісімге қол жеткізеді.

Бизнес жолында қиындықтарға тап болады, сәтсіздікке жолығады. Бірақ, алған бетінен қайтпайды. 2015 жылы Құлжа ауданынан 500 адамдық «Көкқамыр» мейрамханасын ашады. Қазіргі күні онда оннан астам адам жұмыс істейді. Кіріс те жаман емес көрінеді. Бұнымен де шектеліп қалмаған Роза енді «Шынжаң Көкқамыр халықаралық сауда серіктігі» ЖШС құрады. Соның аясында, «Қарғалдақ» маркалы ұнтақ сабын өндіре бастайды. Сабынды нарыққа шығарғанда жақсы сұранысқа ие болған. Оның ендігі ойы «Қызғалдақ» атты түрлі қағаз өнімдерін саудаға салмақ. Өткен жылы Желтоқсан айының ортасында Үрімжі қаласында өткен «Қос-12» жәрмеңкесінде осы екі өнім тұтынушылардың жақсы бағасына ие болыпты. Тауарды Шыңжаңның жер-жерінде сататын серіктестер де табылған.

"Қарғалдақ" маркалы сабын ұнтағы.

 

Қандасымыз кәсібі дөңгелеген сайын өзгелерге де көмек қолын созуды ұмытпаған. Қиыншылығы бар, жағдайы төмен ауылдастарына, қандастарына көңіл бөліп, шамасынша жәрдем көрсетіп тұрады екен.

Бек АЙДАР

 “The Qazaq Times”