9 шілде күні де Қонаев қалалық сотында агросарапшы Алмасбек Садырбай мен өзге де айыпталушыларға қатысты кезекті сот отырысы өтті. Бұл күнгі процесс тергеу органдарының жіберген өрескел заң бұзушылықтарын көрсетіліп үлкен заңдық сипаттағы мәлімдемелермен және жәбірленуші тарап өкілінен жауап алумен жалғасты.
Алмасбек Садырбайдың мәлімдемесі: «Айыптау актілері кустарлық әдіспен дайындалған»
Сот отырысы бастала салысымен негізгі айыпталушы Алмасбек Садырбай сотқа ресми өтініш хат жолдап, іс материалдарындағы ең іргелі заң бұзушылықтарды жария етті. Оның айтуынша, дайындалған құжаттардың ешқандай легитимділігі жоқ:
Қолдардың жоқтығы және құжаттардың «жасырын» тігілуі: 2025 жылғы 17 маусымдағы 7 айыпталушыға қатысты жаңа айыптау сипатындағы күдіктінің іс-әрекетін саралау (квалификация) туралы қаулыларда айыпталушылардың да, олардың адвокаттарының да қолдары қойылмаған. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 204, 206-баптарына сәйкес, тергеуші жаңа айыпты айыпталушыға жеке таныстырып, құқықтарын түсіндіруге міндетті. Мұндай хаттамалар істе мүлдем жоқ. Алмасбек Садырбай бұл құжаттардың кустарлық әдіспен дайындалып, іске жасырын тігілгенін мәлімдеді. Судья Нұрсұлтан Қойшыбаев іс материалдарын (164, 165, 168-томдарды) ашып қарап, құжаттарда қорғау тарапының қолдары шынымен жоқ екенін ресми түрде растады.
Тергеу тобының (МСОГ) заңсыздығы: Бас прокуратураның арнайы есеп базасынан (ЕРДР) адвокат Анар Құсайынованың сұранысымен алынған ресми үзіндіге сәйкес, бұл істі жүргізген ведомствоаралық тергеу-жедел тобы ЕРДР жүйесінде ешқашан тіркелмеген. Осыған байланысты, арнайы прокурор Р. Садық бастаған топтың барлық іс-әрекеттері мен қағаздары ҚР ҚПК-нің 112-бабы бойынша заңсыз әрі жарамсыз (недопустимый) деп танылуы тиіс.
Алмасбек Садырбайдың соттан сұрағаны:
«2025 жылғы 17 маусымдағы саралау қаулыларын заңсыз деп танып, іс материалдарынан шығарып тастау және ҚР ҚПК-нің 323-бабы тәртібімен өрескел заң бұзушылықтарды түзету үшін істі прокурорға кейін қайтару керек», – деді айыпталушы.
Сұрақ-жауап: «Субсидиялар біз қамауда отырғанда да берілген»
Сот барысында Жетісу облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының өкілі Азамат Арнайдан жауап алу жалғасты. Оның жауаптары істің негізсіз екенін тағы бір мәрте айқындады:
Тәуелсіздік дәлелі: Басқарма өкілі 2024 жылдың қарашасынан 2025 жылға дейін «Алатау Агро» (21,1 млн теңге), «Көксу Қазына» (27,8 млн теңге) және «Қызылқайың» (28 млн теңге) СПК-лары мемлекеттен субсидия алуды жалғастырғанын растады.
Алмасбек Садырбай бұл дерекке қатысты:
«Біз 2024 жылғы 5 қарашадан бастап Астанада қамауда (үй қамағы мен СИЗО-да) отырдық. Біз тұтқында болсақ та, бұл кәсіпорындар өз жұмысын істеп, субсидия алып жатқан. Бұл ӘКК-лердің бізге де, есепші Тастанбековаға да, заңгер Жарменкеевке де мүлдем тәуелсіз, жеке құрылым екенін дәлелдейді. Тергеудің бізді ұйымдасқан қылмыстық топ деп айыптауы қисынсыз», — деді.
Жүйелердегі шатасу: Айыптау тарапы басқарманың «ГИС» жүйесімен жұмыс істегенін алға тартқанымен, өкіл Азамат Арнай қазіргі уақытта «link.kz» және «Субсидия плем» жүйелері қолданылатынын айтып, тергеудің техникалық базаны мүлдем зерттемегенін көрсетті.
Жер телімдері мәселесі: Қорғаушы тарап СПК-лардың жері жоқ бола тұра субсидия алды деген айыптың қате екенін, өтінімдерде мемлекеттік актілер мен мәслихат шешімдерінің нөмірлері заңды түрде тіркелгенін анықтап берді.
Басты сенсация: Заңды сот шешімдері шығын ретінде жазылған
Адвокат Анар Құсайынованың сұрақтары барысында тергеу органдарының айып сомасын қолдан өсіру үшін сот шешімдерін де шекарадан аттатқаны белгілі болды. Жетісу облыстық ауданаралық сотының және облыс әкімінің ресми шешімдерімен заңды түрде төленген мына субсидиялар айыптау актісіне «ұрланған қаржы» ретінде еніп кеткен:
-
«Сарқан Агро» (SARKAN-AGRO) — 31 807 500 теңге (Сот шешімі: 06.12.2023)
-
«Көксу Қазына» (KO’KSY’-QAZYNA) — 58 342 500 теңге (Сот шешімі: 06.12.2023)
-
«Қызылқайың Қазына» (Qyzylqaiyn-Qazyna) — 32 117 500 теңге (Сот шешімі: 06.12.2023)
-
«Көлтабан Агро» (KOLTABAN-AGRO) — 38 367 500 теңге (Сот шешімі: 06.12.2023)
-
«Зұлхарнай» (ZULQARNAI) — 21 620 000 теңге (Сот шешімі: 17.11.2023)
-
«Жаркент Береке» (JARKENT-BEREKE) — 26 882 500 теңге (Сот шешімі: 17.11.2023)
-
«Агро Будыр» (Agro-Budur) — 12 500 000 теңге (Облыс әкімінің қаулысы негізінде: 20.12.2023)
Басқарма өкілі бұл сомалардың сот пен әкімдік шешімімен заңды төленгенін және бұл шешімдердің күші жойылмағанын (заңды күшінде екенін) айтты. Сондай-ақ, тергеу барысында бұл сомаларды шығыннан алып тастау басқарманың құзыретінде болмағанын жеткізді.
Адвокат Анар Құсайынованың процесс соңындағы мәлімдемесі
Процесс соңында сөз алған қорғаушы адвокат Анар Құсайынова сот тергеп-тексеруі барысында анықталған, істің әділ үкіміне тікелей әсер ететін құқықтық шикіліктерді былайша саралады:
1. Тергеу органының айыптауды қолдан құрастыруы және шығынды асыра көрсетуі
«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдары іс бойынша келтірілген шығынның мөлшерін әртүрлі негізсіз тәсілдерді қолдану арқылы жасанды түрде, қолдан асыра көрсеткен. Сот отырысы залында жәбірленуші тарап өкілінен жауап алу барысында, ол аталған 7 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің субсидияларды толықтай заңды түрде алғанын нақты растады. Алайда, істің ақиқатын ашатын бұл маңызды айғақтар тергеу амалдары кезінде, атап айтқанда 2025 жылғы 22 сәуірдегі жәбірленуші өкілінен жауап алу хаттамасында мүлдем көрсетілмеген. Бұл хаттаманың өте қысқа қайырылуы — іске қатысты маңызды деректердің тергеу тарапынан әдейі тыс қалдырылғанын анық көрсетеді. Қорғаушы (айыпталушы) тараптың уәждері мен сотқа ұсынған бұлтартпас дәлелдеріне сүйенсек, аталған 7 өтінім бойынша көрсетілген сомалар айыптау актісіне ешқандай заңды негізсіз, тек «шығын» ретінде ғана автоматты түрде енгізіле салғаны толықтай айқындалды».
2. Әкімшілік және сот актілерінің преюдициялық күші
«Осы уақытқа дейін бұл іске қатысты қабылданған уәкілетті органдардың ешбір әкімшілік шешіміне де, сот актілеріне де ешбір тарап шағым түсірмеген. Бұл құжаттардың ешқайсысы бүгінгі күнге дейін заңды тәртіппен жарамсыз немесе заңсыз деп танылған жоқ, олар өздерінің заңды күшінде тұр. Ең бастысы, іс материалдарында 2023 жылғы 6 желтоқсандағы соттың заңды күшіне енген шешімі бар. Бұл құқықтық акт дәл осы қылмыстық іс шеңберінде қаралып отырған мәселеге тікелей қатысты және оның преюдициялық маңызы жоғары. Аталған сот шешімі субсидиялардың заңды берілгенін растап, айыптау актісінің негізсіздігін дәлелдейді».
Сот төрағасына өтініш
Адвокат Анар Құсайнова:
«Құрметті сот! Заңды күші жойылмаған сот актілерінің преюдициялық маңызын және тергеу органының шығын көлемін ешқандай құқықтық негізсіз, жасанды түрде асыра көрсеткенін ескере отырып, осы қорғау тарапының уәждеріне ерекше назар аударуыңызды және оны үкім шығару кезінде басшылыққа алуыңызды сұраймын» – деді.
Сот залынан тыс жерде: Алмасбек Садырбайдың пікірі
Процесс аяқталған соң сот залының сыртында агросарапшы Алмасбек Садырбай бүгінгі отырыстағы жайттар бойынша өз ойын бөлісті:
Сұрақ: Жеті адамның бірдей қол қойылмаған құжаттары іске тігіліп кеткенін айттыңыз. Бұған не дейсіз?
Алмасбек Садырбай: Оның барлығын соттың назарына ұсынып, хаттамаладық. Енді соттың заңды жауабын күтеміз.
Сұрақ: Жеті СПК-ның соттың және әкімнің шешімімен алған қаражаты туралы не айтасыз?
Алмасбек Садырбай: Иә, «қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» дейді ғой. Бәленбай миллион теңгеге берілген қаншама өтінім соттың заңды үкімімен, шешімімен берілген. Ол Алмасбек Садырбайға немесе басқа біреуге байланысты емес, соны тергеу органдары істен алып тастамаған. Көрдіңіздер ме, – деді. Одан ары сөйлесуге сот приставтары мен ковойлар мүмкіндік бермеді.
Сот процесі 10 шілде де жалғасады.
















ГАЗАДАҒЫ ТАРИХИ БЕТБҰРЫС: ХАМАС ӘКІМШІЛІК БИЛІКТЕН БАС ТАРТТЫ. АЙМАҚТЫ ЕНДІ КІМ БАСҚАРАДЫ?
АҚШ пен Иран келіссөзі қайта жалғаспақ: Доха кездесуі шиеленісті бәсеңдете ме?
Украина-Ресей соғысы «энергетикалық дуэльге» айналып кетті
Меморандумның күйреуі: Парсы шығанағындағы дауыл&әлемдік тәртіптің сын сағаты соғып тұр
Ормуз дағдарысы: АҚШ пен Иран арасындағы уақытша бітім неге тез бұзылды?
Қонаевтағы сот: Адвокаты Алмасбек Садырбайға жасалған қысым туралы мәлімдеді, ал субсидия сомасы сотта «қысқарып» жатыр