Қонаев қалалық сотында агросарапшы және азаматтық белсенді Алмасбек Садырбай мен оның жақтастарына қатысты өтіп жатқан сот процесі отандық тергеу жүйесі мен прокуратураның кәсіби деңгейін айқын көрсететін үлкен дауға ұласты.

Мемлекеттік субсидияларды жымқырды деген айыппен 21 айдан бері қамауда отырған белсендінің ісі бойынша басты құжат жаңа айыптау актісі мен соттағы тараптардың жауаптары арасында мүлдем қисынсыз сәйкессіздіктер анықталды. Төрағалық етуші судья Нұрсұлтан Қойшыбаев пен прокурор Әлімжан Санабаевтың қатысуымен өткен отырыста Жетісу облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының (АШБ) өкілі Арнай Азамат пен айыпталушы Алмасбек Садырбайдың көрсетпелері айыптау тарапының негізгі уәждерін тас-талқан етті.

Істегі географиялық дау және «бюджеттік елестер»: Жетісу облысы төлемеген миллиондар

Соттағы ең үлкен текетірес тергеу органдарының екі облыстың (Алматы және Жетісу) шекарасы мен құзыретін ажырата алмауынан басталды. Жаңа айыптау актісінде Жетісу облысы бойынша 14 Сельскохозяйственный производственный кооператив (СПК) көрсетілгенімен, қорғаушы тарап пен ресми құжаттар тек 10 кооперативтің атын атайды.

Ең сорақысы, прокуратура «Жетісу облысының бюджетіне залал келтірді» деп айыптаған жүздеген миллион теңгені іс жүзінде бұл облыс мүлдем қаржыландырмаған. Прокурордың өзі бұл есеп айырысулардың екі аймақ бөлінгенге дейін Алматы облысы арқылы жүргенін мойындауға мэжбүр болды. АШБ өкілі Азамат пен Алмасбек Садырбайдың көрсетпелеріне сүйенсек, төмендегі кооперативтер бойынша Жетісу бюджетінен «бірде-бір тиын» төленбеген:

«Agro-Zharkent» (Агро Жаркент): Жетісу облысы айыптауда көрсетілген 36 миллион теңгені АШБ есепшоттарынан мүлдем шығармағанын екі тарап та растады. Өтінімдер бойынша ешқандай төлем жүргізілмеген.

«Alatay-agro» (Алатау Агро): А. Садырбай бұл кооператив бойынша «бір тиын да төленген жоқ» деп мәлімдеді. Мұндағы айып сомасы шамамен 37 миллион теңгені құрайды.

«Beskol-agro» (Бесколь Агро): Тергеу актісінде селекция жұмыстарына қатысты ірі қаражат көрсетілгенімен, Жетісу бюджетінен бұл мақсатқа 32 123 164 теңге мүлдем төленбегенін қорғаушы тарап толық дәлелдеді.

«ESKELDI AGRO» (Ескелді Агро): Жетісу облысының бұл мақсаттағы жем-шөп (корма) бойынша айыпталған 14 998 396 теңгеге ешқандай қатысы жоқ екені нақтыланды.

«KO’KSY’-QAZYNA» (Коксу Казына): Айыптау актісінде жалпы сомасы 72 738 815 теңге болатын 5 өтінім сөз болған. Алайда АШБ өкілі Азамат бұл қаражатты Жетісу облысы мүлдем қарамағанын және төлемегенін ресми түрде мәлімдеді.

«Qyzylqaiyn-Qazyna» (Кызылкайын Казына): Тергеуде екі өтінім бойынша 20 542 537 теңге залал келді деп көрсетілген. Жәбірленуші тараптың соттағы ресми жауабы қысқа қайырылды: «Жоқ» (төлем болмаған).

Прокуратураның техникалық «фокустары» және айыптау актісінен жоғалған миллиондар

Сот процесі барысында прокуратураның есеп-қисапқа қаншалықты атүсті қарағаны «Алатау Агро» және «Агро Будыр» СПК-лары бойынша анық көрінді:

«Екі еселенген» цифрлар жұмбағы: Адвокаттар «Алатау Агро» кооперативіне қатысты бір ғана өтінім бойынша екі бөлек соманың (7 770 000 теңге және 12 792 500 теңге) қатар жазылып кеткенін әшкереледі. АШБ өкілі мұны «бір өтінімнің екі траншпен төленуі» деп ақтағысы келгенімен, заң тұрғысынан бұл айыптау актісінің сауатсыз толтырылғанының айғағы.

Айыптау актісінде жоқ 21 миллион: Ең үлкен сенсация «Алатау Агро» тарапынан еркін шағылыстыру бағытына бөлінді делінген 21 152 500 теңгелік өтінім болды. Жәбірленуші тарап бұл соманы өз шығынына қосқанымен, мемлекеттік айыптаушы, прокурор Ә. Санабаев бұл соманың жаңа айыптау актісінде мүлдем жоқ екенін және сотталушыға мұндай айып тағылмағанын ресми түрде мәлімдеді. Бұл тергеудің өз есептерінен өзі шатасқанын көрсетеді.

Ұрықтандыру бағытындағы ерекшеліктер: «Agro-Budur» (Агро Будыр) кооперативі бойынша үш бірдей өтінім тіркелген. Құжат бойынша алғашқы екі өтінім жасанды жолмен ұрықтандыру жасауға, ал үшіншісі еркін шағылыстыруға (вольная случка) бағытталған болып шықты.

Заңды төлемдер мен жалғыз қайтарым: Қорғаушы тараптың басты аргументі

Сот отырысында қорғаушы тараптың пайдасына шешілген ең маңызды құқықтық факт тіркелді. Жауап алу барысында жәбірленуші тараптың өкілі барлық қарастырылған 26 өтінімнің заңды түрде берілгенін («заңды берілген») мойындады. Сонымен қатар, осы уақытқа дейін прокуратура тарапынан бұл 10 кооператив бойынша Жетісу облыстық АШБ-не ешқандай заң бұзушылықты жою туралы хабарлама немесе ұсыныс түспеген.

Осы тізімдегі жалғыз ішінара даулы жағдай тек «JARKENT-BEREKE» (Жаркент Береке) кооперативі бойынша тіркелген:

Бұл кооперативке бастапқыда 14 млн теңге мақұлданған. Алайда, мониторинг ережелерінің 25-пунктына сәйкес, мал басының кемуіне байланысты 257 500 теңгені мемлекетке қайтару міндеттелген.

АШБ өкілі бұл соманың бюджетке толықтай және өз еркімен қайтарылғанын растады. Ал осы кооперативтің қалған 16 115 901 теңгелік төлемдерін Жетісу облысы өңдемеген.

Ал Жетісу бойынша толық төленген жалғыз кооператив  «Sarkan-agro» (Саркан Агро). Азамат бұл бойынша алты бірдей өтінімді меңзеп: «Төлем жүргізді» деп нақты жауап берді.

Қорғаушы тараптың логикалық түйіні: Егер барлық субсидиялар заңды берілсе, мемлекетке ешқандай шығын келмесе және жалғыз 257 мың теңге бюджетке қайтарылып қойылса, онда бұл істе қылмыс құрамы қайда? Адвокат Анар Құсайынова осы негізде Жетісу облысы АШБ-ін жәбірленушілер қатарынан мүлдем алып тастау туралы өтініш білдірді.

«Қошқар мен сиырды шағылыстыру»: Алмасбек Садырбайдың Павлодар әкіміне сәлемі

Сот отырысынан кейін айыпталушы, агросарапшы Алмасбек Садырбай тергеудің өрескел қателіктері мен абсурдтық айыптауларына қатысты өз пікірін білдіріп алдыңғы отырыстарда жауап берген жәбірленуші тараптың бірі саналған Павлодар облысына байланысты облыс әкімі Асайын Байханов мырзаға үндеу жасаған. Біз оны осының алдындағы материалда жарияланабыз. 

Алмасбек Садырбай ісі бойынша өтіп жатқан бұл процесс еліміздегі ауыл шаруашылығын субсидиялау жүйесінің құқықтық шикілігін ыршытып шығарды. Басты айыптау құжатында миллиондаған қаржы «екі еселеніп», облыстардың шекаралары араласып, тіпті биологиялық заңдылықтарға қайшы («қошқар мен сиыр») фактілер жүрсе, тергеудің әділдігіне сену қиын. Айыптау актісіндегі тағы бірнеше жүз миллион теңгенің «ауаға ұшып кеткенін» ескерсек, бұл істің алдағы уақытта қалай өрбитіні үлкен сұрақ.

«The Qazaq Times» редакциясы соттың келесі кезеңдерін жіті бақылап отырады.