Алматы облысы Қонаев қалалық сотында агро сарапшы, қоғам белсендісі Алмасбек Садырбай мен басқа да айыпталушыларға қатысты өтіп жатқан атышулы сот процесінен тағы да «шу» шықты. 19 маусым күнгі сот отырысында қорғау тарабы судья Нұрсұлтан Қойшыбаевқа ресми түрде кезекті қарсылықты (отвод) жариялады. Сот залында қорғау тарабы қылмыстық іс томдарының қолдан жасалуы (фальсификация), құжаттардың жасырылуы және айыпталушыны заңсыз қамауда ұстау туралы ауыр айыптаулар айтылды.
187 томның жұмбағы: Нақты дәлелдер соттан жасырылды ма?
Сот залында алғашқы болып сөз алған сотталушы Алмасбек Садырбай Қонаев қалалық сотының төрағасы Садвакасованың атына тікелей мәлімдеме жасады. Ол қолындағы ресми құжатты — Алматы облысы прокуроры орынбасарының істі сотқа жолдаған ілеспе хатын көрсетті.
«Бұл ресми құжатта істің нақты неше том екені мүлдем көрсетілмеген. Қазір сот үстелінде 187 том жатыр, ал бізге (қорғау тарапына) тергеуден тек 182 том ғана берілген. Арадағы 5 том қайдан шықты?
Ең сорақысы — бұл жерде менің және өзге де сотталушылардың кінәсіздігін дәлелдейтін 160 томдық заңдық (юридикалық) істер мен 300 томнан астам бухгалтерлік құжаттар сотқа мүлдем өткізілмеген. Олар сот қарауында жоқ. Сотқа істің тек айыптау нұсқасына тиімді бөлігі ғана жіберілген. Бұл — таза жауапкерсіздік немесе саналы түрде жасалған фальсификация!» — деп мәлімдеді қамаудағы Алмасбек Садырбай мырза.
Бұл уәжді адвокат Анара Құсайынова да қолдап, іс бойынша заттай дәлелдемелер мен құжаттар салынған 9 жарым қораптың тергеу соты кезеңінен бері жасырылып келгенін, бұл бойынша облыс прокурорының жеке қабылдауында да болғанын жеткізді.
Сенсациялық мәлімдеме: Алмасбек Садырбай сот санкциясынсыз қамауда отыр ма?
Адвокат Құсайынова сот төрағасының назарын аударған ең маңызды құқықтық заң бұзушылық — сотталушыны қамауда ұстау мерзімінің заңсыздығы болды. Адвокаттың қолында Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінен алынған ресми жауап бар.
«Комитеттің ресми жауабына сай, жаңа айыптау актісі бекітілген бұл қылмыстық іс сотқа тек 2026 жылдың 20 наурызында сағат 16:32-де электронды жүйе арқылы түскен. Олай болса, судья Қойшыбаев бұл істі 18 наурызда қалай өз өндірісіне алып, 19 наурызда Садырбайды қамауда ұстау шарасын қалай ұзартқан? Іс сотқа ресми түспей тұрып шешім шығару — қызметтік жалғандық. Бұл дегеніміз, Алмасбек Садырбай қазіргі уақытта соттың заңды санкциясынсыз, заңсыз қамауда отыр деген сөз!» — деді адвокат.
Адвокат Анарт Құсайнова бұл деректерді Жоғарғы Сотқа, Жоғары Сот Кеңесіне және Президент әкімшілігіне дейін жеткізетінін ескертті.
«Үйде отырған жоқсыздар!»: Шенеуніктер мен Прокурордың БАҚ-тан жасырыну әрекеті
Соттағы тағы бір қызу айтыс жәбірленуші тарап өкілдері (Павлодар және Алматы облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдері) мен прокурордың «БАҚ бет-әлпетімізді видеоға түсірмесін, желіде бізге қарсы жағымсыз пікірлер жазылып жатыр» деген уәжінен туындады.
Бұл талаптың заңға мүлдем қайшы екенін шегелеп айтты:
«Құрметті жәбірленуші өкілдері, прокурор және сот! Сіздер үйде отырған жоқсыздар. Өздеріңіздің мемлекеттік қызметтік міндеттеріңізді атқарып жатырсыздар. Бұл — ашық сот. Егер мемлекеттік қызметші бола тұра, жүздеріңіздің халыққа көрінгенінен қорықсаңыздар, онда қызметтен кетіңіздер! Сіздер халыққа қызмет етуге тиіссіздер.
ҚР ҚПК-нің 97-бабы бойынша жеке қауіпсіздік шаралары тек өмірге, денсаулыққа нақты қауіп төнгенде ғана қолданылады. Мұнда ешқандай қауіп жоқ. Ал журналистердің түсіріліміне тыйым салу — заңды журналистік қызметке кедергі келтіру».
Адвокат Құсайынова желідегі сын мен «жағымсыз пікірлердің» шенеуніктерге емес, сұраққа жауап бере алмай мүдірген прокурордың өзіне бағытталғанын, «Qazaq Times» ақпарат агенттігінің журналисі сот залында тек заң аясында әрекет еткенін ерекше атап өтті. Адвокаттардың пікірінше, прокурор Санабаев жәбірленушілерді қалқан етіп, өзін қоғамдық сыннан қорғаштап қалғысы келеді.
Прокурор мен Айыптау тарапының уәжі
Мемлекеттік айыптаушы, прокурор Әділжан Санабаев қорғау тарапының барлық айыптаулары мен өтініштеріне қарсы шықты.
«Істегі артық 5 томның 3 томы — сотталушылардың қамау уақытын созуға қатысты жеке құжаттар мен хаттамалар. Ал қалған 2 томы — жаңа айыптау актісінің қазақша және орысша нұсқалары. Сот бұл құжаттармен танысу үшін уақыт берді, қазір танысып жатыр. Сондықтан қорғау тарапының өтінішін қанағаттандырудан бас тартуды сұраймын», — деді прокурор.
Алматы облысы ауыл шаруашылығы басқармасының өкілі де адвокаттардың өтінішіне қарсылық білдірсе, Павлодар, Атырау, Жетісу облыстарының өкілдері бұл мәселені соттың қарауына қалдырды.
Судьяға ресми отвод
Адвокаттар Досанова мен Құсайынова судья М. Қойшыбаевтың істі қарауда тараптардың теңдігі мен жарыспалылық принципін мүлдем қамтамасыз етпей отырғанын, ҚР ҚПК-нің 369, 370-баптарын бұзып, жәбірленушілерді бір залда отырғызып, бірлесіп жауап алуына жол бергенін алға тартты.
«Судья заңсыздықтарды көре тұра ескерту де жасамады, бұл әрекетімен ол жалған айғақтарды легализациялап отыр. Соттың объективтілігіне күмән келтіре отырып, ҚР ҚПК-нің 70, 87-баптары негізінде судьяға отвод (қарсылық) жариялаймыз», — деп аяқтады қорғаушылар.
Соттағы бұл үлкен заңдық текетірестің қалай шешілері енді Қонаев қалалық сотының төрағасына байланысты. Төраға Мадиев мырза қарсықты қарап тараптардың пікірін тыңдап кеңесу бөлмесіне кетті. Түстен кейінгі сот отырсында шешімін айтады.


















Косметикалық жаңару әдеті: «Аманат» пен «Әділетті» қауышуы – саяси жаңару ма, әлде номенклатуралық камуфляж ба?
Ормуз дағдарысы және көпполярлы әлемнің тууы: «Қырғи қабақ соғыстан» да қауіпті жаңа текетірес
Ашық соттағы «көлеңке»: Алмасбек Садырбай ісінде жауапсыз қалған сұрақтар көбейіп барады
Алмасбек Садырбай ісі: Қонаев сотында БАҚ-қа қойылған шектеу күшінде қалды
Алмасбек Садырбай ісі: Ашық сот па, әлде жабық бақылау ма?
Иран әскери элитасының жойылуы: соғыстың жаңа кезеңі