6 қазанда Алматы қаласында 624 учаскеде референдум өтіп жатыр. QT Наурызбай ауданындағы бірнеше учаскеге барды. Кей учаскеде бақылаушылар мен комиссия төрайымдарының есебінде елеулі айырмашылық байқалса, кейбірінде биліктен қаржыландырылатын ұйымдардың бақылаушылары мен тәуелсіз бақылаушылардың санағы қайшы өрбіп жатқаны көрінді.
№200 мектепте орналасқан №562 учаскенің комиссия төрайымы Роза Закирьянова учаске тізіміндегі 2778 адамның нешеуі келіп қатысқанын айта алмаймыз дейді.
– Оны нақты айта алмаймыз. Учаске сағат 20:0-де жабылғасын, санақтан кейін бақылаушыларға жария етеміз. Ішінара дәл қазір бере алмаймыз, – дейді комиссия төрайымы.
Тоғыз адамнан тұратын комиссия құрамынан өзге бақылаушылармен тілдестік. «Дауыс» ұйымынан қатысып отырған бақылаушы жүргізіп отырған есебін «құпия» екенін айтады. «Санақ жүргізіп отырмын, бірақ бере алмаймын, мен тек бақылаймын» дейді ол.
«Тәуелсіз бақылаушылар» бірлестігінің бақылаушысы Ноян Өмірзақұлы «бұл құпия емес, қазірге дейін 45 адам келді» деп мәлімдеді.
Алғашында «санап отырмын, бірақ белсенділік есебін бөлісе алмаймын» деген «Ер Азамат» ұйымының Тілеген Нұржаубаев кейіннен 50 шақты адам қатысқанын айтты.
Бұл есепті «Адам және қоғам» ұйымының Аружан Төлегенова да растады. «Азаматтық альянс» өкілі Әсия Тілепова, «Ел дауысы» ұйымының бақылаушысы және AMANAT партиясының мүшесі учаскеге келген 60 шақты адамды байқаған.
Осылайша, төрайым мен «Дауыс» өкілі «ішінара есепті» жасырғанымен, «Тәуелсіз бақылаушылар» өкілі қас қақпай күзеткеннің өзінде 45 адам қатысқанын жеткізді.
№592 учаскенің төрайымы Азиза Өтегенова тізімде 2710 азамат барын, сұқбат аларға дейінгі уақытта 60 адамның келгенін баяндады. Бірақ бақылаушылардың есебі айтарлықтай көбірек.
«Дауыс» ұйымынан Дәулетқазы «барлығы талапқа сай өтуде, қазір 78 адам келді» дейді. Дәл осыған ұқсас есепті «бәрі әділ өтіп жатыр, тамаша» деген «Адам және қоғам» ұйымының бақылаушысы Ақерке Сейілхан да атады. Мұны қайталаған «Ер Азамат» ұйымының өкілі Назгүл Сұлуқашованың айтуынша, «ешқандай құқық бұзушылық тіркелмеді, әділ өтуде». AMANAT партиясының Әсел Құрманаева да 77-78 адам келгенін айтты. «Азаматтық альянс» ұйымынан отырған Лаура Төлепованың есебі де осы шамада.
Аумағында 2801 азаматы бар №627 учаске төрайымы Фарида Сатуғанова «жүзге жуық адам келді» деді. Бірақ өзін Камила деп таныстырған «Азаматтық альянс» ұйымының бақылаушысы «сағат 9:00-дегі қатысқандар мәліметі 47 адам» дейді.
AMANAT партиясының өкілі Сая Әлімбайдың дерегі төрайымның ақпаратынан екі есе аз.
«Сайлау ойдағыдай өтіп жатыр. Барлығын бақылауда ұстап отырмыз. Құқық бұзушылық болып жатқан жоқ. Бәрі жақсы. ...Менің санауым бойынша, шамамен 50-ден жоғары, 50-ге жуық болып тұр», – деді билік партиясының байқаушысы.
«Дауыс» ұйымын партия деп шатасқан бақылаушы Гүлбаршын Алдабергенова елуге тарта тұрғын келгенін жеткізді.
«Адам және қоғам» өкілі Ақтолқын Құдайберген таңғы 6:00-ден бері «-45 адам келіп дауысын берді» дейді. Осы ұйымның екінші бақылаушысы Дарын Асқаров «47 адам бюллетень алғанын» айтты.